Мұнайдың қазіргі төмен бағасы жуық арада
көтерілмейді. Ал одан туындайтын экономикалық дағдарыс әлем елдеріне үлкен
соққы болғалы тұр. Бүгін Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер
инстиутының сарапшылары жаҺандық экономикалық ахуалға қатысты осындай пікір
білдірді.
Әлемдік экономикада тоқырау белгілері былтыр байқала бастаған. 2014 жылы
Жапония, Бразилия және Қытайда даму қарқыны бәсеңдесе, биыл Еуропалық одақ
елдері мен Ресей экономикасы тұйыққа тірелуі мүмкін. Соңғы 7 ай ішінде мұнай бағасы
60 пайызға түсіп кетті. «Мұның салдары 2007-2008 жылдары болған дағдарыстан
әлдеқайда күрделі жағдайларға соқтыруы ықтимал. Себебі экономикалық қиындықтар
саяси проблемалармен қабаттасып кетті», - дейді стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы.
Лейла Мұзапарова, Президент жанындағы Қазақстанның
стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары:
Қазіргі
дағдарыс ауқымы мен мерзімі бойынша ерекше қиын болуы ықтимал. Президент Назарбаев айтқандай, болашақта әлем архитектурасы өзгеріп, барлық
мемлекеттер төтеп бере алмайтын сынақтар күтіп тұр.
«ОПЕК
мүшелеріне мұнай бағасының төмендегені керек», - дейді сарапшылар. Осылайша,
Таяу Шығыс елдері АҚШ пен Канадада қарқын алған қатпарлы мұнай өндірушілерін
нарықтан біржола ығыстыруды көздейді. «Ал Қазақстанға келсек, төмен мұнай
бағасының ұзақ сақталуы өнеркәсіптің қысқаруына, ішкі жалпы өнімнің
төмендеуіне, экспорттың 30-40 миллиард долларға азаюына әсер етеді», - дейді
сарапшылар Дегенмен, қазір ел үкіметі экономикалық қиындықтарды алдын алу
шараларын іске асыруға кірісіп кетті. Институт
мамандары биыл қара алтын құны барреліне 50 доллардан төмен түспейді деп
болжайды.
Вячеслав Додонов, Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының
ғылыми қызметкері:
Жалпы
ішкі өнім өсімін сақтап қалу үшін, ішкі тұтынушылықты арттыру қажет. Оны
қанағаттандыру үшін, инфрақұрылымдық жобалар іске асып, шағын және орта бизнес
дамып, қаржы секторына қолдау көрсету қажет. Бұған мемлекеттік қолдау арқылы
дем беру «Нұрлы жолда» белгіленген. Екіншіден, бюджетті үнемдеуге көшу керек.
Негізі осы екі инструментті де қазір үкімет іске асырып жатыр.
Мөлдір
БАҚЫТ-ҚЫЗЫ