Түрік газеті «Шарли Эбдоны» қолдағаны үшін сынға ұшырап жатыр.
«Cumhuriyet», яғни «Республика» газеті редакциясы алдында тұрғындар жиналып,
наразылықтарын білдірді. Олар Мұхаммед пайғамбарды мазақ етуге жол
бермейтіндерін айтты. Аталған басылым әлемдік демократияға дем береміз деген
желеумен бір нөмерін француздың аты шулы «Charlie Hebdo» журналына арнаған.
Француз басылымында жарияланған карикатураларды қолданған. Басылымның бұл
әрекетін оғаш көрген тұрғындар Ыстамбұлдағы Әділет сарайының алдына да жиналды.
Наразы топтың саны артып, қазіргі күні Түркияның бірнеша қаласында шерулер
жалғасуда. Толығырақ әріптесім Самат Сүлей баяндайды.
Түрік газетінің бұл тірлігі тұрғындардың алаңға шығуына түрткі болғандай.
Әсіресе, жастар жағы басылар емес. Мәселен, күні кеше Анкара университетінің
студенттері тағы да жиналып, Мұхаммед пайғамбарды мазақ етуге жол
бермейтіндерін айтып, үн қатты.
Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммедті мазақ еткен француз
журналының әрекеті бізде де қайталанды. Біз осы елдің азаматы ретінде мұндай
бассыздыққа жол бермейміз. Бұған қатысты биліктен бір шара қолдануды талап
етеміз.
Жастардың бұл үндеуін құп көрмеген басқа бір топ алыстан оларға тас атып,
шараға кедергі келтірді. Жергілікті ақпарат құралдарының айтуынша, жүзін
жасырғандар солшыл бағыттағылар болуы мүмкін.
«Cumhuriyet» газетінің бұл әрекетін сөз бостандығымен байланыстырған
тілшінің де айтары бар.
Орхан Бурсалы, «Cumhuriyet» газетінің тілшісі:
Түнгі екінің кезінде полиция келіп, редакциямызды тексерді. Осыдан-ақ
елдегі сөз бостандығының жағдайын жорамалдай беріңіз. Француз журналының бір
санын басуымыздағы басты мақсат - осы ойды жеткізу еді.
Тоқсан жылдық тарихы бар бұл газеттің тиражы 50 мыңнан асады. Оқырмандары
да аз емес. Алайда, карикатурасы бар мақала жарияланғаннан бері көбісінің
өкпесі қара қазандай. Өзекті тақырып ретінде депутаттардың отырысында қозғалды.
Тіпті ел президенті Реджеп Тайып Ердоған да сынға алды.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының президенті (16.01.2015 ж.):
Ешкім өзгенің наным-сеніміне және арына нұқсан келтіруге болмайды. Мен тек
мұсылмандарға ғана қатысты айтып тұрғаным жоқ. Барлығы. Сөз бостандығы деп,
ойға келгенді істеуге болмас. Қалың бұқараның қарсылық білдіріп, айқайлауына
осы сеп болып отыр. Бірақ бұл елдің тыныштығын бұзды.
Ел ішін дүрліктірген «Cumhuriyet» газетінің екі редакторы бүгінде құзырлы
мекемелерінің бақылауында. Егер ата заңнан аттаған болса, заң бұзғаны үшін
жауапқа тартылмақ.
Самат СҮЛЕЙ