Русский Сайттың толық нұсқасы

2017 жылы елордада ескі үйлер қалмайды

  • AstanaTV
  • 27 қаңтар 2016
  • 1561

2017 жылы елордада ескі үйлер қалмайды. Келер жылдың шілдесіне дейін шаһар құлағалы тұрған көпқабатты үйлерден толық тазартылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы әкімінің бірінші оынбасары Сергей Хорошун мәлімдеді. Ескі және апатты жағдайдағы үйлерді сүру жобасы аясында тұрғындарға 1762 пәтер тегін үлестірілген. Барлығы 62 көпқабатты үй құлатылып, тазартылған. 

Сергей Хорошун, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары:

Жобаға енген барлық нысандар 2017 жылы шілде айына дейін сүрілуі тиіс. Бас аяғы 228 тұрғын үй. Биыл оның 112-сі сүріледі. Қалғаны 2017 жылы бұзылады. Жобаны уақытында аяқтауға еш кедергі жоқ. Қаржы бөлініп, құрылыс жүріп жатыр.

Әкімнің қала құрылысына жауапты орынбасары Астанадағы проблемалы құрылыс нысандарына да тоқталды. Бүгінде олардың үш тобы бар. Тұрғын үй құрылысына үлескерлер тартып, қаражатты мақсатсыз пайдаланғандар, құрылысты созбаққа салғандар және тиісті рұқсат құжаттарынсыз өз бетінше баспана тұрғызып жатқандар. Былтыр құрылыс саласында 909 заң бұзушылық тіркелген. Ал аяқсыз қалған 10 бірдей тұрғын үй кешеніне қатысы бар "Азбука Жильяның" бастаған нысанын аяқтау жұмысы инвесторлар бір мәмілеге келген соң барып жалғасады.

Сергей Хорошун, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары:

Жеті нысан бойынша инвесторлар бірікті. Олардың бастаған құрылысын "Орда инжиниринг" серіктестігі  аяқтайды. EXPO Town мен EXPO City-ді инвесторлар өз күштерімен салып шығады. Аталған нысандардың Тұрғын үй құрылысы кооперативі прокуратураға шағым түсірді. EXPO Town  бойынша сот отырысы 2 ақпанда өтеді. "Айсанам-ДЕЛЮКС"  тұрғын үй коперативі бойынша инвестормен үлескерлер бір келісімге келе алмай отыр. Құрылысты бастау тараптар мәмілеге келген соң жалғасады.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ