Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте жұмыспен қамту орталығы жетімді жеңілдікпен берілетін пәтерсіз қалдырды

  • AstanaTV
  • 22 қаңтар 2015
  • 2067

Шымкентте жұмыспен қамту орталығы қызметкерлері заңды белден басып, жетімді жеңілдікпен берілетін пәтерден қақты. Арнамызға арыз айтқан Қанат Сегізбаев «пәтер бөлуде алалыққа жол берілді» деп санайды. Ол «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында берілетін баспанадан дәмелі еді. Бірақ пәтер бөлу кезегінің сақталмауынан әділетсіздікке тап болдым деп санайды. Мәселенің жай-жапсарын анықтау барысында тілшіміз Айзада Төребекқызы арызданушының сөзі дәйекті екеніне көз жеткізді. Құзырлы органның дерегінше, тиесілі баспанадан әлеуметтік әлсіз топқа жататын жүзге жуық тұрғын шеттетіліпті. 

25 жастағы Қанаттың басты арманы - баспана. Жеті жасында ата-анасынан айрылған ол бұған дейін туыстарының қамқорлығында болған. Ер жеткенде өз шаңырағым болса деген үмітпен, өткен жылдың 24 ақпанында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында пәтерлі болуға құжат тапсырыпты. «Бірақ неге екенін белгісіз, осы аралықта үш мәрте қалалық әкімдік салтанатты түрде тапсырған кілттердің ешбірі маған бұйырмады»,- дейді.

Менен кейінгі тұрғандар кезекке пәтер алып қойды. Мен ақпан айында тұрсам, олар менен кейін бес айдан кейін тұрған. Олар қазір пәтер алып қойды. Ал мен әлі пәтер алған жоқпын. Біз қазір пәтер жалдап тұрып жатырмыз. 

Қанаттың айтуынша, оған жұмыспен қамту орталығындағылар 2014 жылдың соңына дейін пәтерлі боласың деген. Мұндай әділетсіздікке көз жұма алмаған жігіт құқығын қорғайтын заңгер жалдапты. Өйткені қалалық жұмыспен қамту орталығының басшылығы заңды белден басты, деп санайды.

Құттыбай Керімқұлов, заңгер:

Жұмыспен қамту департаментіне арыздандық. Содан кейін олар жауап бергені - 480 пәтер таратылды. Бірақ сізге тиесілі пәтер тиген жоқ. Бірақ не себептен оны айтқан жоқ. Қандай кезекте тұр бұл жігіт, Сегізбаев Қанат, оны айтқан жоқ.Содан кейін біз Әл-Фараби аудандық прокуратураға арыздандық.

Арызды қараған құзырлы орын өкілдері аталған орталықта бір емес, бірнеше заң бұзушылықтарға жол берілгенін анықтапты. Қанат Сегізбаевтың және ол секілді заңды баспана алуға өтініш берген бірнеше жастың құжатын мемлекеттік мекеме қараусыз қалдырған.

Бекжан Құлатаев, Әл-Фараби аудандық прокурорының аға көмекшісі:

Тексеру нәтижесімен орталықта өрескел заң бұзушылықтарға жол берілгені, яғни Сегізбаевтың аталған өтініші тіркеусіз және қараусыз қалдырылғаны, сондай-ақ осы тектес бағдарламаға қатысушы өзге 94 үміткердің арыздары тіркеусіз, қараусыз қалдырылғаны анықталған болатын. Керісінше, бағдарламаға қатысушы бола алмайтын өзге тұлғаларға пәтер табысталғаны анықталған. Тексеру нәтижесімен қала әкімдігіне ұсыныс қадағалау АКТ-сі енгізіліп, қарау нәтижесімен орталық директоры Қожанова сыбайлас жемқорлық жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасағаны үшін, қызметінен босатылған.

«Директордан бөлек, тағы тоғыз қызметкер әртүрлі қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды»,- деді прокурор Бекжан Құлатаев. Жұмыспен қамту орталығы басшылары кемшілікке жол берілгенін жасырмайды.

Айша Қамбарбекова, «Шымкент қаласының жұмыспен қамту орталығы» КММ директорының орынбасары:

Кемшілік болды. Біз оны қазір өзіміз де біліп, түсініп отырмыз. Келешекте бұл жағдайды болдырмау үшін, барлық құқықтық сабақтарды өткізу. Мүмкін, бұл жерде білместік болды ма, не болмаса, бір кісілердің ықпалы болды ма, сонымен қазір кім кімді аттап кетті, не үшін аттап кетті, ол қазір жасырын, шыны керек.

Соңғы үш жылда Шымкентте ата-ана қамқорлығынсыз қалған 347 жас пәтерлі болыпты. Тап бүгін қаланың тұрғын үй кезегінде осындай мыңнан астам кезегін күткен жандар бар. Жұмыспен қамту орталығы басшылығының сөзіне сүйенсек, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға биыл баспана берілмейді. Себебі баспана қалмаған және мемлекеттік бағдарлама биыл үкіметтен қолдау таппапты. Ал белгісіз себептермен мемлекеттік бағдарламаның шарапатынан қағылған Қанат Сегізбаев енді Астанадан әділдік іздеуге бекініп отыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ