Қызылжарда Заречный кентінің тұрғындары өмірлерін тәуекелге
тігуде. Қала мен ауыл арасына жаяу қатынайтын жұрт Есіл өзенін кесіп өтеді.
Төтенше жағдай департаментінің мамандары жиі рейд шараларын өткізіп, адамдарға
әрдайым ескерту жасайды. Алайда, оларды елеп жатқан жан жоқ.
Өңірдегі тілшіміз
Абзал Құрманкин қауіпті аймаққа бас сұғып, тұрғындардың енжарлығына көз
жеткізді. Екі мыңдай тұрғыны бар Заречный кенті мен Петропавлдың
арасында Есіл өзені ағып жатыр. Ауылдан шаһарға қарай 10 минут сайын 2 бағыт
бойынша автобустар қатынайды.
Дегенмен, қалаға асыққан халық өзенді жаяу кесіп
өтуді жөн көреді. Ал бұл жолдың қауіпті екеніне мән берер емес. Тіпті, жақын
маңда орналасқан көпір арқылы да өткісі жоқ. Қорқынышты емес. Қыс мезгілі ғой. Қаншама адам
жүреді, ешкім құлаған жоқ.
Ақшам болған кезде автобуспен жүремін. Қазір
қаражатым таусылып қалды, сондықтан өзен арқылы жүруге тура келеді. Ал көктемде
көпір арқылы қатынаймыз.
Мұз жарылып, өзенге батып кеткен адамдар болмағанмен,
апатты жағдайлар көптеп кездеседі екен. Мәселен, жуырда қала тұрғыны Владимир
Әбішев тастай қараңғыда қалаға бет алып, өзенді кесіп өтпекші болған. Орта
жолдан оның салмағына мұз шыдас бермей қаққа бөлініп, ол суға түсіп кетті.
Абырой болғанда, Владимир мұздың шетін қапсырып үлгірген. Артынша, телефон
арқылы туысқандарымен хабарласқан. Оқиға орнына дереу жеткен полицейлер судың
бетінде әбден сансыраған жігітті алып шығып, дәрігерлер шақыртыпты.
Владимир Әбішев:
Мұз үстімен келе жатқанда өзеннің арғы бетіне дейін 7 метрдей қалғанда опырылып түстім. Біршама уақыттан кейін олар келді. Бірақ, мен ол кезде есімнің айырылып қалыппын. Қазір жағдайым жақсы.
Төтенше жағдай департаментінің мамандары Есілдің маңайын күнде бақылап жүреді. Алайда, тек ескертумен ғана шектеледі екен. Тыйым салынған жерде өткендері үшін тұрғындарды жауапқа тарту қарастырылмаған. Құтқарушылардың айтуынша, күн райының құбылуынан мұз не бары 20-30 см-ге қатайған. Әдетте, оның қалыңдығы 60 см-ге дейін жетеді.
Антон Каптяев, СҚО ТЖД судан құтқару қызметі басшысының уақытша міндетін атқарушы:
Тұрғындар автобусты күткеннен, не көпір арқылы айналып өткеннен гөрі, 10 минуттың ішінде өзенді кесіп өткенді дұрыс көреді. Қазір бұл жердегі мұз 1,5 тоннаны ғана көтере алады. Бір топ адам өтсе, мұз сынып кетеді. Сондықтан абай болған жөн.
Құтқарушылардың пайымдауынша, Заречный кентінің тұрғындары
ескертулерге көктемде де құлақ аса бермейді. Төтенше жағдай мамандары, өзеннің
үсті ойықтарға толса да, тұрғындар әрлі-берлі қатынауын доғармайды
деген ойда. Сондықтан, қар ерісімен департамент мамандары арнайы қайықтармен
өзен жағасын күні-түні бақыламақ.
Абзал КУРМАНКИН