Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда ұшақ апатынан қаза тапқандар жерленді

  • AstanaTV
  • 23 қаңтар 2015
  • 899

Жамбыл облысындағы ұшақ апатынан қаза тапқандарды Қарағандыда туыстары және әріптестері жер қойнына тапсырды. «Қазақмыс» корпорациясының қызметкері Ғабит Төлеубаевты, ұшақ командирі Валерий Клюшевті, екінші ұшқыш Виктор Савельевті және борт механигі Василий Литвиновты ақтық сапарға шығарып салуға жиналғандар қарасы қалың болды. Қаралы жиын орталық мешіт пен жергілікті жерлеу агенттігінде өтті.

Айта кетейік, «Қазақмыс» корпорациясының тағы бір қызметкері Ұлбазар Есмағанбетова туған жері Қызылорда қаласына жерленді. Ал Ербол Ибраевпен қоштасу ертең Қызылжар кентінде өтпек.

Еске салайық, 20 қаңтарда Балқаштан ұшып шыққан АН-2 ұшағы Жамбыл облысының «Шатыркөл» кеніші ауданында құлады. Апаттан 6 адам қаза тапты. Алдын ала болжамдар бойынша, ұшақтың құлауына қолайсыз ауа райы себеп болған. Дегенмен, әріптестері мен достары болған жайтқа әлі күнге дейін сене алар емес.

Николай Дмитриев, ұшқыш:

Қандай бір болжам айтуға тым ерте. Апаттың себебін комиссия анықтап жатыр. Ұшақтың тұманда кері айналып ұшып кетпей, неге қонуға тырысқанын тексеріп жатыр. Біз жақсы достарымызды, тәжірибелі әріптестерімізді жоғалттық.

Айжан ҚУАШ