Русский Сайттың толық нұсқасы

Владимир Школьник: Ресейдің арзан жанармайы нарықты жаулап алуы ықтимал

  • AstanaTV
  • 26 қаңтар 2015
  • 1477

«Жанар-жағармай құнының айрықша құбылуының өзіндік себебі бар». Мәжіліске келген Энергетика министрі осылай деді. Айтуынша, Ресейдің арзан жанармайы нарықты жаулап алуы ықтимал. «Оның әсері отандық мұнай зауыттары үшін оңды болмасы анық»,-деді сала министрі. Ал Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ электр энергиясы нарығын құру тұжырымдамасы мамырда қабылданады. Министрдің дерегіне сай, «еліміздің электр қуатын экспорттау бағыты да осы мәселе шешілген соң айқындалады». Үкімет сағатында Школьникті депутаттармен қоса, журналистер де сұрақтың астына алды. Шенеунік Ресейдегі мұнай өңдеу зауытын сатқан оллигарх ұлына қатысты ақпарды жоққа шығарды. Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады.

Бүгін Үкімет сағатында бас энергетик Владимир Школьник, керек болса қызметімнен кетемін деп, депутаттарды бір қорқытып алды. Балаша бұртиған министр мәжілісмендердің сауалына қайта-қайта жауап бере алмай сүрініп, сөз естіді. Сәт сайын орынбасарларына елеңдеп, көмек сұрай берген министр бүгін Парламенттен дирижер атағын алып қайтты.

- Пожалуйста, кто поможет министру? - Я назвал - Асимханов Сунгат Куатович. - Владимир Сергеевич, у нас принято, чтобы министр отвечал. - Да...- Я не понял вообще-то сегодняшний разговор в Правительственном часе. Что? Как дирижер, что ли, пришел министр энергетики! -Кто-то поможет мне ответить. Ну, я не знаю. Замечание было правильно сделано мне. Ну замените меня тогда в первую очередь. Это можно сделать.

Депутаттар арасында әбден асып-сасқан министрді сабырға шақырып, психологиялық қолдау көрсеткендер де табылды.

- Сначала совет такой: не надо теряться. Мы вас знаем, как сильного министра, корифея своего дело. – Ну, я не теряюсь просто. Раз не подготовленный, разрешите нам пойти подготовиться. -Без комментариев.

Министрлік тізгіні қолыма тигелі небәрі төрт ай деп ақталған Школьник мырза «Электр энергиясы және көмір» тақырыбындағы баяндамасын мүдірмей оқып шықты. Былтыр Қазақстанда энергияның 73 пайызы көмірмен өндірілген. Қатты отынның 34 миллиард тонна қорымен Қазақстан әлемде 7-ші орында тұр. «Ол 300 жылға жетеді» - дейді министр. Сондықтан елде электр энергиясын экспорттау әлеуеті жоғары. Бірақ нақты экспорт бағыты Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ энергетика нарығы құрылған соң анықталады.

Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:

Еуразиялық экономикалық одақ аясында 2019 жылы ортақ электр энергиясы нарығы құрылатыны туралы келісімге қол қойылды. Осы мамыр айында одақ мүшелері арасында электр энергиясын кедергісіз тасымалдау туралы тұжырымдама қабылданады.

Десе де, қазір Ауғанстан мен Пәкістанға электр жеткізуді көздейтін Қытаймен бірлескен ірі жобалар да бар көрінеді. Ал АЭС-ның алғашқысын Курчатовта ресейліктер салады. Екіншісі Балхаш көлі аумағында орналаспақ. Әзірге оны салуға әлемдік жетекші компаниялар арасынан жапондық Toshiba Westinghouse таңдалған. Бірақ Қазақстанда екінші АЭС салу қажет пе, жоқ па, ол жағы 2019 жылы нақты шешіледі. Сол кездегі сұранысқа қарай. Қысқасы, ортақ нарық құрылған соң, біраз нәрсенің басы ашылатын секілді. Министр жанар-жағармай құнының айрықша құбылу себебіне де тоқтала кетті.

Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:

Біздің нарыққа арзан жағармай ағылса, мұнай өңдеуші зауыттар тоқтап қалып, жұмыс орындары қысқаруы мүмкін. Онсыз да қазір 109 теңге деп, ең төмен баға белгілеп отырмыз. Бүгін Ресейдің энергетика министрлігінен делегация келеді. Осы жағдайды келісіп реттеу керек.

Өткен аптада ресейлік басылымдар Қазақстанның Энергетика министрі Владимир Школьниктің ұлы Игорь Школьник Орынбор облысындағы «Орскь» мұнай өңдеу зауытын «Русьнефтьке» шамамен 1 миллиард долларға сатқанын жарыса жазды. 32 жастағы Игорь Школьник, «Форбс» журналының мәліметінше, Қазақстандағы ең бай елу адамның бірі. Оның «Орскь» мұнай өңдеу зауытын 2011 жылы сатып алғаны туралы да кезінде Ресей ақпарат құралдары жазған еді. Үлкен Школьник ұлына қатысты ақпарды «қып-қызыл» өтірік деп салды.

Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:

Менің ұлым ештеңе сатпайды да, сатып та алмайды. Пресса таратқан мәліметке келсек, менің білуімше, ұлым соңғы үш жыл ішінде ештеңе сатып алған жоқ. Сатқан да жоқ. Ал басқасы туралы жазғандардан сұрап алыңыздар.

Депутаттар мен журналистердің сауалынан әрең сытылып шыққан министр ресейлік әріптестеріне жолығуға асығыс аттанып кетті.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ