Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада 250-ге жуық отбасы апатты үйлерде тұрып жатыр

  • AstanaTV
  • 27 қаңтар 2015
  • 1034

 Қызылордада 250-ге жуық отбасы апатты үйлерде тұрып жатыр. Осыдан 2 жыл бұрын «Титов» шағын ауданындағы 2 баспана бұзылып, 23 отбасы жаңа үйге көшірілген еді. Олар «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында қоныс тойын тойлады.

Бүгінде аталған бағдарлама тоқтаған. Осыған орай, жергілікті атқамінерлер баспанамен қамтудың жаңа жобасын қолға алды. «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы арқылы бір-екі жылда апатты жағдайдағы көпқабатты үйлер түгел бұзылып, тұрғындар жаңа үйлерге көшірілмек.

Бақытжан апа су жаңа пәтеріне 2013-ші жылдың аяғында көшіп келді. Содан бері кең әрі жарық баспананың рахатын көруде. Ол бұған дейін 30 жылдан астам уақыт «Титов» шағын ауданындағы апатты үйде тұрып келген. «Екі пәтерді салыстыруға да келмейді»,- дейді.

Жаңа үйден үш бөлмелі үй берді, жаңа үйде тұрып жатырмыз. Жылуы, жарығы  барлығы жақсы, ризамыз.

Осыдан 2 жыл бұрын «Титов» шағын ауданындағы апатты үйлердің тұрғындары жаңа пәтерге кіруді тіпті армандамаған еді. 2013 жылы күзде жағдай аяқ-асты өзгерді. Апатты үйдегі ағайынның тұрмысын көзімен көрген аймақ басшысы апатты үйлер кезең-кезеңімен бұзылып, орнына жаңа зәулім үйлер салынатынын жеткізген. Содан бері екі үй бұзылды. Қалған 10 үйдің тұрғындары кезек күтіп жүр.

Сәрсенкүл Боранбаева, «Титов» шағын ауданы № 19 үйдің тұрғыны:

Бұл апатты үйлер 1968 жылы салынған. Қанша жөндеу жүргізгенмен сылақтары түсіп қала береді, каркасты үйлер.

Қалалық тұрғын үй инспекциясының ақпаратына сай, жалпы қала бойынша апатты үйлерде тұратын 250-ден астам отбасы баспана кезегінде тұр. Оның 183 -і осы «Титов» шағын ауданы тұрғындары. Жаңа пәтерлер әрбір отбасы мүшесіне 18 шаршы метрден есептелген.

Ерлан Бердібаев, «Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы» ММ басшысы:

Апаттық үйлердің тұрғындарына 2014 жылдың басында 24 пәтерлік 1 тұрғын үй берілген болатын. Одан кейінгі кезеңімен салынып жатқан екі 60-пәтерлік тұрғын үй.

Жергілікті билік апатты үйлердің тұрғындары осы жылдың қаңтарынан бастап «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында пәтерлі болады деп сендірді. Аталған бағдарлама, мемлекеттің 5 бірдей бағдарламасының негізінде жасалыпты. «Аймақтарды дамыту», «Шағын қалаларды дамыту», «Тұрғын үй комуналды шаруашылығын жаңғырту», «Ақ бұлақ», «Қолжетімді баспана» бағдарламаларының орнына жасақталған.

Шарипа САҚТАПОВА