Русский Сайттың толық нұсқасы

Ішкі істер вице-министрі Владимир Божко Өскемендегі жас құтқарушылар мектебінде болып қайтты

  • AstanaTV
  • 27 қаңтар 2015
  • 1110

Ішкі істер вице-министрі Владимир Божко Өскемендегі жас құтқарушылар мектебінде болып, олардың қалай жаттығатынын көріп қайтты. Ашылғанына бірнеше ай ғана болғанымен, мектептің жетістіктері ауыз толтырып айтарлық.

Жақында жасөспірімдер Сочиде өткен халықаралық турнирден екінші орын алып қайтты. Жоғарғы сыныптардың 180 курсанты құтқару қызметінің қыр-сырына әбден қаныққан. Олар оқып үйренгендерін министрдің орынбасарына паш етті.

Төтенше жағдайдан зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жанып жатқан үйден адамды алып шығу, жасанды тыныс алдыру мен адамдарды қауіпсіз жерге жеткізу балғындар үшін еш қиындық туғызбайды.

Владимир Божко жас құтқарушылардың дайындығын жоғары бағалады. Бұл білім ордасы өзге аймақтарда осындай мектептердің көптеп ашылуына үлгі болатынын айтты. 

«Қазақстанда кадеттерді даярлайтын арнайы оқу орындары ашылуы керек. Олар бізге құтқарушы болып қызмет атқаруға дайын жастарды шығарып отыруы тиіс. Аталмыш жүйе Белоруссияда жақсы жолға қойылған. Балаларды бесінші сыныптан қабылдап, жоғары білікті құтқарушы етіп шығарады. Олар білім берудің жалпы бағдарламасымен қоса, әскери тәртіп, дене шынықтыру және өрт қауіпсіздігі салалары бойынша білім алып шығады».

Айгүл ӘДЕПБАЙ