Еңбек өтілі бір жарым ғасырдан асатын әулет. Елімізде бір кәсіпті ұрпақтан
ұрпаққа табыстайтын әулеттер аз емес. Солардың бірі - алматылық Мұхамеджановтар
отбасы. Дәрігерлік мамандықты жалғастырушы отбасы мүшелері бүгінде еңбегінің
жемісін көріп отыр. Көрінген кәсіпке көз тікпей, бір салада сенімді еңбек
етудің артықшылықтары жайлы Берік Хасенов баяндайды.
Күнделікті аудиторияға асығу - Қайырлыбек Мұхамеджанов үшін үйреншікті шаруа.
Бүгін де ол талай жылғы тәжірибесін болашақ дәрігерлермен бөлісуге бара жатыр.
Ал дәріс тыңдап отырғандар - студенттер емес, кем дегенде, бес жылдай еңбек өтілі
бар білікті мамандар.
Эльмира Жолдасова, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің
президенті:
Бұл кафедраға келген себебіміз - біз профессордың атына келеміз. Қайырлыбек
Хадижиакпарович - өте білікті маман, білікті дәрігер. 50 жылдан астам тәжірбиесі
бар. Соның арқасында біз көп мағлұматтар жинай бастадық, көп тәжірбие жинай
бастадық. Соған байланысты біз осы кафедраға түстік.
Дәрігерлік - кейіпкеріміз үшін атадан балаға жалғасқан кәсіп десек
жарасады. Бұл мамандық осы әулетте 5 ұрпақтан бері үзілмей келеді. Ата-әке,
аға, қарындас тіпті жұбайы мен қызы да - дәрігер. Барлығының еңбек өтілін
қосқанда бір жарым ғасырдан асады.
Ардақ Абеков, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті сәулелі
диагностика кафедрасының маманы:
Бұл кісінің еңбекқорлығы сондай, кешкісін, түнде де қалып, қашан қарасаң да
әр ақпаратты блокнотына, терме дәптеріне түртіп жазып, оны үлкен іс қылып,
монография қылып, жүреді. Ол кісінің 160 астам статьялары бар, 5 монографиясы
бар. Бұл монографияларын жиі қолымызға алып, түсінбеген жерлерде, қиын
жағдайларда, өте ауыр науқастар түсіп жатқан кезде, қиналған кезімізде осы
кітаптарды алып қараймыз.
Қайырлыбек Мұхамеджанов әріптестерінің арасында аса абыройлы. Оған өткен
жылы «Әріптестер құрметі» сыйлығына ие болуы дәлел. Бұл - жылына бір-ақ рет
беріледі, әрі оны медицина саласындағы аса атақты профессорлардың өздері
тағайындайды. Адамды емдеуді өмірлік мамандық ретінде таңдаған тұлға,
"адам жанының арашасы болу - оңай жол емес" дейді.
Қайырлыбек Мұхамеджанов, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру
университетінің кафедра меңгерушісі, профессор:
Дәрігер болу деген оңай емес, ол деген адамның іш-дүниесін өзі сол ауырған
адамға аяушылықпен қарау, соның ауырғанымен бірге ауырған адам - сол ғана дәрігер
бола алады. Енді менің арманым - осы менің өсіп келе жатқан немерелерім, солар
да осы мамандықты үзбей кетсе екен деген арманым. Жүрегімде тұрған.
Бүкіл әулетімен бір ғана саланы кәсіпке айналдырған азамат мұны дұрыс бағыт
деп есептейді.
Берік ХАСЕНОВ