Қартайған
шағында туған қызынан жәбір көрген қария көмекке зәру. Алматыда анасы мен қызы
пәтер үшін бес жылдан бері соттасып жүр. Сот орындары далада қалған 76 жастағы
қарияға пәтерді қайтару туралы шешім шығарған. Бірақ безбүйрек әйел екі жылдан
бері оны орындауға асығар емес. Жәбірленуші қоғамдық ұйымдардың көмегімен тағы
да сотқа жүгінген. Қысты күні далада қаңғып жүрген ақсамайлы әжейдің тағдыры туралы Ришат
Асқарбекұлы толығырақ баяндайды.
Тауы
шағылған Лидия Добриянды бүгін де туған қызы табалдырығынан аттатпады. Қария
өзіне мына зәулім сарайдың бір бұрышынан орын бұйырмағанына қынжылады. «Ольга мына үйде отбасымен тұрады»,
- деп
күрсінген ана өзінің жеке пәтерін қызы алдап алып, қазір коммерциялық мақсатта
өзгелерге жалға беріп қойғанын айтты.
Лидия
Добриян, зейнеткер:
Мен
пәтерімді сатып, екі бөлмелі пәтер алдым. Сосын қызым келіп, «сен
бізбен бірге тұр»
деді. Мына пәтерді жалға берейік деген соң,
келістім. Бастапқыда баспана менің атымда болған. Алайда Ольга оны жалған
құжатпен басқа біреудің атына рәсімдеп жіберіпті. Ал мені үйінен қуып шықты.
Содан бері қаңғып жүрмін.
Қаңғып
қалған қарт ана қайырымды жандардың көмегімен 2011 жылы қаңтарда істі сотқа
жеткізеді. Қалалық сот шешіміне сәйкес, қызы анасына 12
млн теңге қайтаруға міндеттелген. Бұл пәтердің нарықтағы құнымен пара-пар.
Алайда сот орындаушылары жауапкер әйелдің жеке басында ешқандай мүлік
тіркелмегенін алға тартып, сот актілерінің орындалуын кейінге шегеріп келген.
Мен
оған ипотекаға пәтер әперейін дедім, бірақ әлі жағдайым болмай жатыр. Ауырып
қалдым. Ол өзі кетіп қалды.
Қорғаушылар
сот шешіміне бағынбаған әйелдің атында дүние-мүліктің барын растайтын жәйттерді
ақыры анықтаған. Осыны негізге ала отырып жақында іс сотқа қайта жолданды.
Ерлан
Ерболұлы, қорғаушы:
Жақында
сот актілерін орындауға байланысты құжаттарды ақтарып отырып, біз Ольга Шиннің
атында элиталық аудандардың бірінде тағы екі пәтер болғанын анықтадық. Ол алғашқы
сот тартысы кезінде сол баспаналарын өз қызының,
яғни апаның немересінің атына аударып үлгерген. Біз сотқа арыз беріп, сол
екеуара жасалған келісімшарттың күшін жоюға талпынып жатырмыз.
Ана
мен қыздың арасындағы жанжалдың басталғанына 5 жыл болған. Қазір Лидия Добриян
жас кезінен араласқан құрбысының пәтерінің бір бұрышында тұрып жатыр.
Зинаида
Меренькова:
Мен
де бір бөлмелі пәтерде тұрамын. Мына жерге орындық қойып, диванды жылжытып,
уақытша төсек жасап бердім. Аяғын сындырып алған соң,
ыңғайсыз жағдайда жатады. Түнде ауырсынып жылайды. Қыстың көзі қырауда оны
далаға шығарып жіберуге дәтім шыдамады.
Мынау
- Лидия Добриянның Байтұрсынов көшесінің бойындағы бұрынғы пәтері. Ольга Шиннің
оны сұлулық салонына айналдырып, жалға беріп қойғанын мұндағылар да растады.
Сексенге келген анасын қан қақсатып, елдің босағасын сығалатып қойған әйелдің
ісіне қатысты сот отырысы енді 9 ақпанда қайта жалғаспақ.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ