Русский Сайттың толық нұсқасы

Жоламановқа қатысты сот процесі екінші рет шегерілді

  • AstanaTV
  • 30 қаңтар 2015
  • 1232

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің экс-басшысы Нұрлан Жоламановқа қатысты сот процесі екінші рет кейінге шегерілді. Атышулы істі қарап жатқан әскери сот төрағасы мұны айыпталушы Жоламановтың денсаулығының нашарлауымен байланыстырды.

Бүгінгі сот отырысына жедел-жәрдем де шақырылды. Дәрігерлердің айтуынша, Жоламановтың қан қысымы қатты көтеріліп, жүрек соғысы да тым жиілеп кеткен. Алайда оны тексерген дәрігерлер қан қысымы мен жүрек соғысы көрсеткішін айтарлықтай қауіпті емес деді.

Процесс барысында дау туғызған тағы бір жайт - куәгер Қилыбасовқа қатысты. Жоламановтың қорғаушылары қылмыстық іс қозғалғаннан кейін өз кінәсін мойындап, куәгер санатына ауысқан Қилыбасовтың сот процесі аяқталмайынша ақпарат құралдарына сұхбат бергені заңсыз деді.

Айыптаушы тараптың куәгері Қилыбасов сот шешімі шығарылмай тұрып, ақпарат құралдарына сұхбат берді. Менің ойымша, бұл сотқа қысым көрсетумен тең. Ол өз сөзінде:«Жоламанов қылмыстық топ құрып, оны басқарды»,- деп мәлімдеген. Осылайша бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды бұзып отыр.

Еске салайық, Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламановқа аса ірі көлемде пара алды, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оны өзі басқарды деген айыптар тағылып отыр. Ол өткен жылдың 27-қазанында ұсталған еді.

Жұрағат БАМАН