Үкімет кәсіпкерлікті қолдауға 300 млрд теңге бөлмек. Қыруар қаржы Ұлттық
қордан қарастырылады. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан
Сағынтаев алматылық кәсіпкерлермен кездесуде мәлімдеді. Үкімет мұны
кәсіпорындарды тұралап қалудан сақтау үшін жасап отыр. Қарапайым азаматтар
жұмысынан айырылмауы тиіс. Өткен жылы Елбасы тапсырмасымен Ұлттық қордан 100
миллиард теңге бөлінсе, биыл тағы 100 млрд теңге бөлінбек. Сонымен қатар, 2016
жылға деп жоспарланған 100 миллиард теңгені осы жылы бергізу туралы ұсыныс
қолдау тапса, экономиканы дамытуға 300 миллиард ақша салынады. Үкіметтің бизнеске
жасаған жеңілдіктері бұл ғана емес.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Бүгінгі саудадағы барлық шығындарды мемлекет өз мойнына алады. Яғни сіздің
жұмысыңыз - өніміңізді өндіресіз, өндірген кезде сізге айтып отырмыз, оған электр
энергиямен темір жол шығынына скидка беріп отырмыз, алған несиесіне субсидия
беріліп отыр. Налогынан жеңілдік беріліп отыр. Енді дүкенге барып сатамын
десең, дүкеннің сөресіндегі шығынның өзін үкімет тағы да өз мойнына алып отыр.
Ірі сауда орындарына отандық өнімдерді қою ісіне Үкімет 1 миллиард теңге
бөлмек. Қаржы Ұлттық кәсіпкерлер палатасына беріледі, олар өз кезегінде
кәсіпкерлер үшін сөрелерді жалға алады. Сонымен қатар, кәсіпкерлерді қолдау
үшін Ұлттық компаниялар мемлекеттік сатып алуға қажетті өнімдерді отандық
кәсіпкерлерден алатын болады. Бақытжан Сағынтаев бастаған топ алматылық
кәсіпкерлермен 15 миллиард теңгеге келісімшарт жасасты. Вице-премьер осындай
сапарларды еліміздің басқа өңірлерінде жалғастырмақ.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Осындай қиын қыстау кезде біз жұмыс орындарын сақтап қалуымыз керек. Сол
себептен осынша жасалған іс-шаруаның барлығын бір күндік қиыншылыққа қарап,
қазір Кедендік одағын бұзамыз, болмаса мына шекраны жабамыз деген түсінік
- қате түсінік, біз оған ешқашан
бармаймыз.
Берік ХАСЕНОВ