Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбелік экономист Әсия Тұмышева - мамандығының нағыз майталманы

  • AstanaTV
  • 30 қаңтар 2015
  • 1733

Ақтөбелік экономист Әсия Тұмышева - өз ісінің нағыз майталманы. Әріптестері оның еңбекқорлығына таңдай қағып, біліктілігін өзгелерге үлгі етеді. 40 жылдық еңбек өтілін қарапайым коммуналдық мекемеден бастаған ол, бүгінде денсаулық сақтау департаментінің бас есепшісіне дейін өскен. Әріптесім Мансұр Есқожин өз мамандығының қыр-сырын шебер игерген жанның еңбек жолына үңілді. 

Ұстаздар отбасында дүниеге келген Әсия Тұмышева: «Бала кезімнен есеп-қисапқа жақын болдым»,- дейді. Кәсіби білім алып, артынша жеке кәсіпорынға есепшісі болып жұмысқа тұрады. Бүгінде кейіпкеріміздің қаржы саласында жинаған тәжірибесі мол. Ақтөбе қалалық білім беру бөлімінде бірнеше жыл еңбек еткен ол, тоқсаныншы жылдары салық басқармасына қызметке ауысқан.

Әсия Тұмышева, ДСМ Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Ақтөбе облыстық департаменті бастығының орынбасары:

Салық басқармасына қарапайым инспектор болып келдім. Уақыт өте қаржы бөлімінің бастығы етіп тағайындады. Ол кезде бізде тіпті компьютер де болмаған. Соған қарамастан жүргізген есебімізді бес саусақтай білетінбіз. Әрбір салық төлеушімен тығыз байланыста болдық.

Салық саласында 10 жылдан артық жұмыс істеген соң Әсия Тұмышева жаңа белестерді бағындыруға бел буған. Денсаулық сақтау басқармасына ауысқан сәттен шаруасын дөңгелетіп әкетті. Әріптестері кез-келген ортада үздік болудың қыр-сырын Әсия Айтқалиқызынан үйренеміз дейді.

Бақытжан Түлкібаева, Ә. Тұмышеваның әріптесі:

Жастарды Әсия Айтқалиқызы әр уақытта алға сүйрейді. Көрсетеді. Әсия Айтқалиқызының бір жақсы қасиеті - өте еңбекқор адам. Уақытпен санаспай, өзінің жұмысын осы жақсы атқаруда, деп ойлаймын.

Қазіргі таңда ол Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметке ақы төлеу департаментінде еңбек етеді. Әрбір цифрдың артында адам өмірі тұрғанын жақсы түсінеді. «Ауруханаларда ем алушыға бөлінетін қаржыны шашау шығармай жұмсау міндетім», - дейді.

Әсия Тұмышева, ДСМ Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Ақтөбе облыстық департаменті бастығының орынбасары:

Мен бүкіл ғұмырымды осы салаға арнағаныма өкінбеймін. Қызметімді тастап, демалысқа кету туралы ой да болған жоқ. Мен үшін әрдайым еңбек етіп, өзгеге де өзіме де көмек көрсетудің өзі – демалыс.

3 бала тәрбиелеп өсірген Әсия Тұмышева - зейнет жасына жеткен ардақты ана. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Ол «әрбір азаматтың өз ісінің үздігі болуға мүмкіндігі бар» екенін айтады.

Мансұр ЕСҚОЖИН