Русский Сайттың толық нұсқасы

«Кәсіпкерлік кодексінде» орта бизнес өкілдерінің мүддесі ескерілмеген

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2015
  • 1542

Ал «Кәсіпкерлік кодексі» жобасында орта бизнес өкілдерінің мүддесі мүлдем ескерілмеген. Бүгін заң жобасы Парламентте таныстырылды. Басына күн туса, бұрын соңды 20 бірдей заңды ақтарып, құқын қорғаумен айналысатан кәсіпкерлер енді бір ғана кодекске сүйенеді. Бірақ заң жобасын құрастырған Әділет министрлігі жіберген олқылықтарды төменгі палата өкілдері бүгіннің өзінде байқап бақты. Парламент төрағасының орынбасары депутаттарға жібі түзу заң жобасын шығару үшін, біраз тер төгуге тура келетінін мойындады. Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады. 

Мөлдір Бақыт-қызы, тілші:

Бүгін Парламент қабылдаған «Кәсіпкерлік кодексі» - биылғы аса маңызды заң жобаларының бірі. Қыркүйекте Парламент сессиясының ашлуында Президент, биыл қабылдануы тиіс дәл осы құжат болашақта «кәсіпкерлердің конституциясына» айналуы тиіс, деген.

Парламенттегі жұмыс тобының жетекшісі, үнемі кәсіпкерлердің сөзін сөйлейтін Азат Перуашев. Ал заңды құрастырған Әділет министрлігінен министрдің орынбасары Зәуреш Баймолдина келді. «Басты ескертудің бірі - заңда орта бизнес туралы бір ауыз жазылмаған», - дейді депутаттар. Бірінші қаңтардағы дерек бойынша, елде 75 мың шағын бизнес, 4,5 мың орта бизнес өкілдері бар. Бірақ орта бизнес саласында еңбекке жарамды халықтың 16,7 пайызы жұмыс істейді.  Және отандық өнімнің 73,7 пайызын тап осы орта бизнес өндіреді екен.

Алмас Тұртаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының депутаты:

Кодекстің 25 бөлімінің 136, 137, 138, 139 баптарында шағын кәсіпкерлікті қолдау жөнінде айтып өткен, бірақ бұл жерде орта кәсіпкерлік көрсетілмеген.

Аталған кодексте қолданыстағы 11 заң жинақталып отыр. Құжат алдағы уақытта квазимемлекеттік кәсіпорындар, монополистік компаниялардың мәртебесін ажыратып береді. Мұнда «Атамекен» ұлттық палатасы туралы да қамтылған. Соңғы жылдары кәсіпкерлер үшін, басы бүтін бір заң қабылдауға бірнеше рет талпыныс жасалған. «Енді осы кодекс жылдар өте қайта жарамсыз болмауы үшін, мұқият қаралуы керек», - дейді депутат Балиева. Заң жобасында Кедендік одақ туралы тұтас бір тарау бар. «Ертең ол тарап жатса, құжатты қайта қарауға мәжбүр болмайық», - деді мәжілісмен.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Егер біз құжатты кәсіпкерлерге арнасақ, мемлекеттік қызметкерлердің ар-ождан кодексі секілді дайындайық. Кәсіпкердің қоғаммен, азаматтармен, өзара және мемлекетпен қарым-қатынасын ғана қамтиық. Егер осыған күш салсақ, нағыз кәсіпкерлер кодексі шығады. Сіздер Кеден одағына бір тарау арнағансыздар. Бұл артық. Ертең ол тарап жатса, кодексті қайта қараймыз ба?

Комитет төрағасы Сейтсұлтан Сүлейменов бұл заңды қабылдауға Ұлттық экономика министрлігі және Инвестициялар мен даму министрлігі бас қатыру керек еді. Аталған ведомостволардан вице-министрлер шақырылған. Бірақ ешбірі төбе көрсетпеді. Есесіне Ауыл шаруашылығы министрлігінен бақандай 29 маман келгенін атап өтті. Шикі заң жобасын реттеуге депутаттар біраз тер төгетін сияқты.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының бірінші орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі:

Львиная доля улучшения и поправок как раз таки ложится на наши с вами плечи, чем мы с вами должны гордиться и не бояться трудностей. Хорошо.

Қысқасы Парламентке тап-тұйнақтай «Кәсіпкерлер кодексін» әзірлеуге бір жыл мерзім берілген. Осы уақыт аралығында төменгі палата заң жобасына біраз тармақты алып-қосары анық. Кәсіпкерлер проблемасымен бір кісідей таныс мәжілісмендер үшін бұл аса қиындық туғыза қоймас.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ