Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс Қазақстанның Қытаймен шектесетін Бахты және Майқапшағай кеден бекеттерінде контрабандалық топ құрықталды

  • AstanaTV
  • 04 ақпан 2015
  • 1801

Шығыс Қазақстанның Қытаймен шектесетін Бахты және Майқапшағай кеден бекеттерінде контрабандамен айналысқан топ құрықталды. Бұл қылмысқа шекаралас аудандардың 2 мыңға жуық тұрғыны тартылғаны да анықталды.

Бір айдың ішінде олар заңсыз жолмен елімізге 1,5 тоннадай тұтыну тауарларын жеткізген. Контрабандалық жүйенің басында жергілікті кәсіпкерлер тұрған. Заң бойынша Қазақстан азаматы Қытай жерінде бір тәулікке дейін визасыз жүруге құқылы.

Және 50 келіге дейінгі тауарды алып өте алады. Мұндай топтың барын алғаш рет шекара қызметкерлері байқаған. Олар бір топ жергілікті тұрғынның көрші елге жұмысқа барған секілді күн сайын барып келіп жүретінін анықтайды.

Әлгі азаматтар бері қарай өткізген тұтыну тауарларын, киім-кешек пен өзге тұрмыстық заттарды арнайы жалданған үйлерде сақтаған. Кәсіпкерлер ол тауарларды сауда орталықтарына жеткізіп, сатып отырған.

Қытайға барып келген қызметі үшін әр тұрғынға 1000 теңге төленген. Осылайша кәсіпкерлер салық, кедендік төлем, виза рәсімдеу мен көлікті жалдау шығындарынан құтылып отырған.

Нұрлан Бижанов, ШҚО прокурорының орынбасары:

Бір топ азамат бұл қызметті кәсіпке айналдырған. Күн сайын 50 келіден және одан да жоғары жүк тасымалдап отырған. Қоймаға жинап, кейін саудалаған. Қалыптасқан бұл жүйенің жолын кестік. Бүгінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Шекара қызметі және кедендік бақылау саласы айналысуда.

Шындап келгенде, кәсіпкерлер үшін тасымалдаудың жеңіл жолдары бар. Кедендік баж салығы да көп емес. Яғни, тұрғындар сауда-саттықпен заңға сәйкес айналыса алады.

Әсем МҰХИТОВА