Русский Сайттың толық нұсқасы

Қ.Жақыпов: Министр Дүйсенова ер азамат әріптестерінен әлдеқайда нәтижелі жұмыс істейді

  • AstanaTV
  • 04 ақпан 2015
  • 1334

Нардың жүгін арқалаған нәзікжан министр Тамара Дүйсенованың еңбегі өзге шенділерге үлгі. Бүгін Парламент төрағасы Дүйсеноваға ер азамат әріптестерінен әлдеқайда нәтижелі жұмыс істейді деген баға берді. Ал әлеуметтік саланың тізгінін ұстаған осы министр мүгедектер мен қарттар үйінде үнемделген қаржының қайда жұмсалатынын айтты. Мәжілісте есеп берген тағы бір шенді Альберт Рау Ресейден көлік тасуға енді кімдерге рұқсат берілетінін хабарлады. Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады.

Зейнетақы рәсімдеу кезінде бір ғана құжат - жеке бас куәлігі - тапсырылады. Әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу мерзімі бұрынғы 7 күннен 30 минутқа қысқарады. Бұл мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру аясында мүмкін болмақ. Енді азамат бұрынғыдай зейнетақы және жәрдемақы төлеу орталығын айналшақтамай, «Халыққа қызмет көрсету орталықтарына» да жүгініп, электронды үкімет арқылы қажетті құжатты рәсімдей алады. Осы өзгерістерді таныстыра келген министрге депутаттардың бірі дүрсе қоя берген еді. Дүйсеноваға спикердің өзі араша түсті.

Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Бұл министрлік жарады! Көп рахмет сіздерге. Бұлар осында келіп-кетіп, «құлақтан тебетін» еркек министрлерге қарағанда, біраз шаруа тындырды. Жұмыс ауқымы өте кең - денсаулық сақтау, әлеуметтік сала. Бәрін қамтуға тырысады.

Десе де мақтаулы министр қарттар үйі тұрғындарының зейнетақысын қысқарту райынан қайтпапты. Жуырда аталған министрлік мүгедектер мен қарттар үйі тұрғындарының зейнет және жәрдемақысы қысқаратыны туралы хабарлаған. Осылайша, 4 млрд теңгеге дейін бюджет қаржысын үнемдемек.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Жәрдемақы немесе зейнетақы оның есепшотына аударылады. 30 пайызы қалады. 70 пайызы медициналық-әлеуметтік мекемеде оны бағып-қағуға жұмсалады.

Ал Инвестициялар және даму вице-министрі Альбет Рау депутат Косаревтен «екі» деген баға алып шықты. Дүниежүзілік даму және қайта құру банкі энергия тиімділігін арттыру үшін, Қазақстанға 21 млн 700 мың доллар қаржы бөлді. Оның 17,7 миллионы 70 ғимаратты жаңғыртуға жұмсалмақ. Қалғаны үстемақымен қарызға беріледі. Бил 7 облыста 19 әлеуметтік нысан осы грантқа іліккен. Жоба 2017 жылға дейін жалғасады. «ЭКСПО»-ға дейін, энергия үнемдеп үйрену керек қой. «Семейде тоқпен жылытылатын аурухана бар», - дейді депутаттар. Айына 60-70 млн теңге тек тоққа төлейді. Осы әлеуметтік нысан жобаға ілікпей қалыпты.

Владислав Косарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Халықтық комунистер» фракциясының жетекшісі:

Мен Альберт Павловичке «екі» деген баға қоямын. Семейдегі жедел жәрдем аураханасы әрең салынып бітті. Құрылыс талаптары өрескел бұзылып, өте қымбатқа түсті. Енді ол ақталмай, керексіз болып қала ма?

Есесіне Альберт Рау енді Ресейден көлік тасуға хұқы тек ресми диллерлерге берілетінін хабарлады. Демек, тәуелсіз диллерлер табыстан қағылады деген сөз. Бұл туралы ресейліктермен келісім де жасалыпты. Ал, жеке тұлғаларға көлік сатып алуға шектеу болады ма, жоқ па, вице-министр оны ашып айтпады.

- Скажите, вот я как частное лицо поеду в Россию, это же не возбраняется да? -Только один хорошо, но зачем вам три.

Депутат Алдан Смайылға маусымның соңғы айы әсер етті ме, кім білсін, ол бүгін Үкіметке «Наурыз» мейрамын жалпы ұлттық деңгейде атап өтуді ұсынды. «Креативті» ойлары да бар. «Қыдыр баба мен Ұмай ана мектеп, бала-бақшаларды аралап, бүлдіршіндерге сыйлық үлестірсе», - дейді.

Алдан Смайыл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Наурызды ұлтты ұлықтап, тарихты қадірлеу үшін пайдалану дегеніміз де осы емес пе?! Сондықтан, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, біз бұл ұсынысымызды барынша орынды деп білеміз және қолдау табатындығына күмән келтіргіміз келмейді.

Бір айдан соң наурыздың келетінін ескерсек, көп ұзамай Үкіметтің депутат сауалына жауабын біле жатармыз.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ