Атырау
облысының бұрынғы әкімі Бергей
Рысқалиевтың бірінші орынбасары Болат Дәукенов апелляциялық соттан айтарлықтай
үміт күтпейді. Дегенмен оның және өзге
де сотталушылардың адвокаттары екінші инстанциядағы мүмкіндікті жіберіп алмауға
тырысуда. Бүгін адвокаттар, алғашқы сот процесінде бұрынғы әкіммен бірлесе
қылмыс жасағандарға үкім шығарған судья Гүлмира Дәулетованың осыдан он жыл
бұрынғы өзге қылмыстық іске шығарған үкімі не себепті бұзылғанын, құзырлы
органдарға тексерту туралы судьяға жазбаша өтініш тастады. Олардың айтуынша,
Гүлмира Дәулетованың 2004 жылы қылмыстық іске шығарған үкімі қылмыстық істер
жөніндегі сот алқасының қаулысымен 2013 жылы бұзылған. «Сондықтан бұрынғы
әкімнің қылмыстық тобы құрамында болғаны үшін айыпталғандарға шығарған үкімі де
күмән туғызады», - деп санайды. Сот процесі барысын тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы
бақылап жүр.
Апелляцияциялық
соттың судьясы қазір сотталушылар мен олардың қорғаушыларынан түскен
өтініштерді қарап жатыр. Бүгін олардың барлығы дерлік, соттың алғашқы
инстанциясында үкім еткен Гүлмира Дәулетова тергеу органдарына тәуелді болып,
қылмыстық істі әділ қарамады,- деп шағымданды. Олардың айтуынша, Дәулетованың
2004 жылы қылмыстық іске шығарған үкімі, араға 9 жыл салып, яғни 2013 жылы бұзылған.
Іле-шала қаржы полициясы тексеріс жүргізіпті.
Болат
Дәукенов, сотталушы:
Дәулетованың
Мақат аудандық сотында 2004 жылы қараған ісін қаржы полициясының он жылдан соң
қайта тексеруі қандай қажеттіліктен туды? Тексерістің қорытындысы қандай?
Біздің ойымызша, судья Дәулетова үкім шығарған кезде тергеу органдарына тәуелді
болды. Бір ғана мысал, «жекешелендіру» бойынша 36 куәгерден жауап алынды. 9 ай
бойы. Бірақ үкімде Дәулетова 33
куәгердің сөзін айыптау қорытындысынан сөзбе-сөз көшіре салған, тек 3 адамның
сот отырысында айтқанын жазған. Сонда қылмыстық іс қаншалықты әділ
қаралған?
Сотталғандар
мен адвокаттардың бірауыздан берген өтінішін судья Жайдарбек Дияров
қанағаттандырмады. Оның себебін облыстық соттың баспасөз хатшысы былайша
түсіндірді: Дәулетова қараған ескі істің бұрынғы әкім мен сыбайластарына
қатысты қылмыстық іске қатысы жоқ. Гүлмира Дәулетованың 2004 жылы шығарған
үкімі 2013 жылдың қыркүйегінде қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының
қаулысымен бұзылған рас екен. Бірақ судьяға қатысты тергеу жүргізілмепті.
Боранбай
Ғалиев, Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы:
2013
жылдың 9 қыркүйегінде Атырау облысы прокурорының ұсынысына сәйкес, бұған дейін
сотта мәлім болмаған жәйттардың пайда
болуына байланысты, сот үкімі бұзылды.
Ал Гүлмира Дәулетоваға қатысты осы іс бойынша қаржы полициясы тарапынан
ешқандай тергеу амалдары жүргізілген жоқ.
Бергей
Рысқалиевтың оң қолы болған Болат Дәукеновтің адвокаты, бұл мәселені жылы жауып
қоймаймыз, дейді. Олар Дәулетованың ешкімнің қысымынсыз шешім шығарғанын
анықтауды кассациялық сот барысында қозғамақ. Бірақ апелляциялық соттан
айтарлықтай үміт күтпейтінін де жасырмады.
Юрий
Слинченко, адвокат:
Бұл
инстанция негізгі жазаны айтарлықтай өзгертеді деп ойламаймын. Біз менің қорғаушым Болат Дәукеновтің мүлкіне
қатысты шағым түсірдік. Оның кәмелетке
толмаған балалары мен әйелі тұратын пәтер тәркілеуге жатпайтынына қарамастан,
тәркіленді. Сот осыны өзгертеді деп ойлаймын.
Базаргүл
Нәдірқызы, тілші:
Жалпы
бұл жолы сотталушылардың қорғаушылары тым белсенді. Қылмыстық істің ашық өтіп
жатқанына қарамастан, көпшілігі процесс барысында түсірілім жасауға, тіпті
қорғаушыларының бет-жүзін түсіруге қарсылық білдіруде. Сондықтан сот
апелляциялық процесті ақпарат құралдарына монитордан ғана бақылауға рұхсат
берді.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ