Русский Сайттың толық нұсқасы

Мысырлық азамат Қазақстаннан саяси баспана сұрап отыр

  • AstanaTV
  • 04 ақпан 2015
  • 1261

Мысырлық азамат  Қазақстаннан саяси баспана сұрап отыр. Бір жылдан бері Қостанай қаласында тұрып жатқан ол бұл өтінішінің орындаларынан үмітті. Ішкі істер министрлігіне қарасты көші-қон департаменті өкілдерінің айтуынша, өткен жылы  елімізде 73 шетелдік азамат «босқын» мәртебесін алған. Алайда  бұл тізімге мысырлық  Бассем Фоули кірмей қалды. Көші-қон полициясы заңға сәйкес оған «босқын» мәртебесін беруден бас тартқан. Заңғар Санай тарқатады.

Араб елінің азаматы Қостанайға бизнеспен айналысу мақсатында келген. Содан бері еліне кері қайта алмай жүр. Нақтысы - Мысырға  оралғысы жоқ. «Отаныма барсам, қуғынға түсіп, өміріме қауіп төнеді», - дейді өзі. 35 жастағы Бассемнің айтуынша,  әлеуметтік желідегі парақшасында өз елінің саясатына қатысты азаматтық көзқарасын білдіріп, жазбалар қалдырған. Көп ұзамай ұлттық қауіпсіздік мекемелерінен қорқыту-үркіту хаттары келе бастаған көрінеді.

Бассем Фоули, Мысыр азаматы:

Менің Қазақстанда қалғым келетіні - елге баруға қатты қорқамын. Егер елге қайтсам, мені өлтіруі мүмкін немесе мыңдаған адамдар секілді із-түзсіз жоғалғандардың қатарына кіремін.

Саяси баспана сұрап жүрген шетел азаматының мақсаты - Қазақстанда қалып, осы бейбіт елді мекендеу. Алайда көші-қон полициясы басқармасы Бассемге «босқын» мәртебесін беруден бас тартып отыр.

Әділбек  Нұрмахин, Қостанай ОІІД баспасөз хатшысы:

Тұлғаның қуғындауға түседі деген қауіптің болмауы негізінде ҚР «Босқындар» туралы заңының 12- бабы 1-тармағы бойынша Мысыр елінің азаматы Бассем Фоулиге босқын мәртебесін беруден бас тартылды.

Шетелдік азамат полицейлердің шешіміне қатысты сотқа талап-арыз түсірді. Сот отырысы ақпанның он алтысына белгіленген. Бассемнің соңғы үміті сотта.

Балбөпе  Мұхамедуәлиева, Қостанай  қалалық сотының жетекші маманы:

Арызданушы соттан Қостанай облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының шешімін заңсыз деп тануды, сонымен қатар ҚР ІМ Көші-қон полициясы департаментінің «Босқын мәртебесін» беруден бас тарту туралы шешімін заңсыз деп тануды және жоюды сұрайды.

Анастасия Миллер, Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі  Халықаралық  бюро  ҚФ директоры: Оның аккаунты  тегімен мүлдем байланысты емес. Бірақ «Ұлттық қауіпсіздік» деген логин арқылы  оның аты-жөні, мекен -жайы түгел жазылған хаттар жіберілген. Сол хабарламада белсенді болғандардың күйін кешесің деген секілді сес көрсетілген. Осындай жағдайда біз халықаралық гуманитарлық құқық бойынша Женева конвенциясына жүгінуіміз керек деп ойлаймын. Онда қақтығыстардың құрбанын қорғау жайында айтылады. Біздің ел де - сол Женева конвенциясын мақұлдаған елдердің бірі.

Еліне барғысы келмейтін Бассемге «Адам құқығын қорғау» бюросының Қостанайдағы өкілдері  қол ұшын бермек. Бюро белсенділері Мысырдағы әскери қақтығыстардан бейнебаян көрсетіп, арызданушы азаматтың дәл сол маңайда тұратынын алға тартқалы отыр. Және әлеуметтік желідегі жеке парақшада  жазылған  хабарламалардың мазмұнын баяндап, оның өміріне аса қауіп төніп тұрғандығын дәлелдемек.

Заңғар САНАЙ