Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауылын биыл да су басуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 05 ақпан 2015
  • 1088

Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауылын биыл да су басуы мүмкін. Өңірлік төтенше жағдайлар жөніндегі департамент осыны ескертті. Қазірдің өзінде 18 елді мекенге қауіп төніп тұр.

Еске сала кетейік, былтыр көктемде табан астынан күн жылынып, Есіл өзенінің деңгейі 2 метрге көтеріліп кетті. Салдарынан теріскейдің бірқатар ауылы су астында қалды. Тасқыннан әсіресе Петропавл маңындағы Заречный кентінің тұрғындары зардап шекті. Елді мекенді жан-жағынан су басып, дүйім жұрт өркениеттен қағылған еді.  2 апта бойы құтқарушылар арнайы көліктерімен әлеуметті әрлі-берлі тасыды. Құзырлы мекеме өкілдерінің айтуынша, дәл сондай жағдайдың биыл да қаталануы бек мүмкін. Көктемгі тасқынға даярлық туралы өңірдегі тілшіміз Абзал Құрманкиннің репортажы.

Өткен күз мезгілінде жауын-шашынның мол жаууына байланысты қазір топырақ ылғал. "Сондықтан еріген қар жерге сіңбей, жайылу мүмкін", - деп болжамдап отыр "Қазгидрометтің" мамандары. Пайымдауларынша, жауған қардың мөлшері орташа деңгейден артық. Тіпті былтырғыдан да асып түскен.

Руслан Ертаев, «Қазгидромет» РМК маманы:

Далада қардың қалыңдығы 50 см дейін жетеді. Болжам бойынша, көктемде өңіріміздегі ең үлкен су қоймасы Сергеевкада судың көлемі 3 млн 300 мың текше метрге дейін артуы мүмкін. Ал орташа көрсеткіш - 1,3 млн. Қыс соңына дейін қар әлі бірнеше рет жауады. Сондықтан қазір бірдеңені болжау қиын. Нақты сандар наурызда белгілі болады.

Қазір өңірдің төтенше жағдай жөніндегі департаменті техникамен қамдана бастады. Осы уақытқа дейін олар бірнеше қайық пен су сорғыш қондырғыларын сатып алған. Бұдан бөлек, су тасқынын тоқтататын құм мен қиыршық тастарды да дайындап қойыпты.

Евгений Журавлев, СҚО төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті баспасөз хатшысы:

Бүгінде құм мен тастың 21 мың тоннасын әзірлеп қойдық. Арнайы 12 құтқару жасағын құрдық. Оның ішіне 1032 адам мен 960 бірлік техника кіреді. Бұдан басқа бірнеше құтқару топтары құрылды. Оларда 440 техника бар. Егер де ауылдарды су басса, дереу әрекет етуге дайынбыз. Техника сақадай сай.

Қазір қала көшелерінде қарбаластың нағыз қызған шағы. Коммуналдық қызметтер Заречный кентінде ертеңгі тірлікке әзірлікті қолға алған. Күн батса болды,  қар жинағыш техникалар жаппай осында ағылады. Тек бір түннің ішінде сапырылысқан көліктер 2 мың текше метрге жуық қар шығарды.

Сергей Ерохин, коммуналдық кәсіпорын қызметкері:

Қазір Заречный кентіндегі қарды 29 техника жинап жатыр. Жұмысты сағат кешкі 10-нан таңғы 6-ға дейін дейін жүргіземіз. Екі-үш күннен кейін бұл елді мекеннен қарды түгел шығарамыз деп ойлаймын. Ал әрменқарай жауын-шашынға байланысты жинастырылады.

Тасқынның алдын алу үшін қазір теріскейдің бар күші жұмылдырылып отыр. Осы уақытқа дейін тек Қызылжардың өзінен 500 мың текше метр қар шығарылды. Дей тұрғанмен, «қалың қар міндетті түрде төтенше жағдайға әкеп соғады» деген пікір жаңсақ болса керек. Себебі, құтқарушылардың айтуынша, көктем кеш келіп, күн біртіндеп жылынса, Есіл арнасынан аспайды.

Абзал ҚҰРМАНКИН