Русский Сайттың толық нұсқасы

Үйлері өртеніп кеткен өскемендік отбасыларға басқа үй берілмейді

  • AstanaTV
  • 05 ақпан 2015
  • 2436

Осыдан 3 апта бұрын үйлері отқа оранған өскемендік 5 отбасыға басқа үй берілмейтін болды. Тек сол үйлерін қалпына келтіруге көмек көрсетіледі. Бұл туралы баспанасыз қалған отбасыларға тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының қалалық бөліміндегілер хабарлаған. Бірақ сол баспананы қалыпқа келтіру жұмыстарының өзі созылып бара жатыр.

Көк тайғақ аула, жанып кеткен шатыр, өрттен жарым-жартылай қалған заттар. Өртенген үйдің көрінісі бұл. Тұрғындар қазір заттарын ұры-қарадан қорғау үшін, үйлерін кезек-кезек күзетіп жүр. Қала басшылығы болса, үйді қалпына келтіруге көмектесуге уәде берген-ді. Алайда, бір апта өтті, бұл жерден не құрылысшының, не шенеуніктің қарасы көрінбеді.  Ал үйдің сұрқы мұздан жасалған үйшік секілді. Шатыры жоқ, қабырғаларына су әбден сіңіп, мұз боп қатып қалған. Тұрғындар, күн жылыған соң қабырғалар балшыққа айналып, опырылып қала ма деп, қорқып отыр.

Осы аптаның дүйсенбісінен бастап бізге үйді қалыпқа келтіру жұмысын бастаймыз деген. Ешкім жоқ. Үйімізді қаңғыбас иттер құсап өзіміз қарауылдаймыз. 

Бұл үйдің тұрғызылғанына 78 жыл болыпты.  Әбден тозған үйден сақтанған тұрғындар, үйге кезекке де тұрған. Бірақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығындағылар - бұл үй апатты үйлер тізімінде жоқ деп ресми түрде жариялапты. Өскеменде 2000 жылы ескі үйлерге сараптама жүргізілген кезде де Лениногорск көшесіндегі бұл бес қабатты тұрғын жай - апатты үй санатына жатқызылмаған. Яғни әзірге тұрғындар жаңа үйлерден дәмелене алмайды .

Жандос Байырханов, Өскемен қаласы әкімдігі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Бұл үйдің тұрғындарына басқа үй беруге заң жүзінде ешқандай негіз жоқ. Одан бөлек, өрттің себебі де - электр өткізгіштердің тұйықталуынан болған. Оған қатысты кінәлілер анықталып, қылмыстық іс қозғалды.

Зардап шеккендер болса әлі күнге Үлбі әлеуметтік орталығында тұрып жатыр. Әзірге оларды орталықтан шығармайды. Тұру уақытын тағы 3 айға созды. Жағдайы төмен 3 отбасыға қалалық әкімдіктен 30 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілген. Ал жапа шеккен барлық азаматтарға , яғни 23 адамға үш рет ыстық  тамақ беріліпті.

Бұбұл Бакинова, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары: 

Біз қазір демеуші іздеп жатырмыз. Себебі бюджеттен ақша бөле алмаймыз. Орманды, шатырды тауып қойдық. Енді, мұның барлығын кім жасайды деген сұрақ шешіліп жатыр. Содан соң олар үйлеріне қайтарылады. 

Ал тұрғындардың өртенген үйге қайтып барғылары келмейді.

Сейчас программы идут «Нурлы кош» и другие по аренде, мы на все согласны…

Өртенген үй тұрғындары бұл бағдарламалардан да үміттене алмайды. «Нұрлы көш» бойынша баспана тек оралмандарға беріледі. Ал  «жалдамалы үй» бағдарламасын әзірге облыста тек елдің оңтүстік аймағынан келгендер ғана пайдалана алады. Ендігі үміт - тек жомарт жандарда.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ