Қазақстандық
былғары қолғап шебері Руслан Мәдиев кезекті жеңісін тойлады. АҚШ-та өткен
кәсіпқой бокс кешінде отандасымыз алаң иесі Карлос Санчеспен қолғап түйістірді.
Кездесу басынан қарсыласының бас көтеруіне мүмкіндік бермеген 22 жасар
жерлесіміз 1-ші раундта нокаутпен жеңіске жетті. Бұл Руслан Мәдиевтің кәсіпқой
бокстағы үшінші жеңісі. Спорт жаңалықтарын Самат Қанағатов толықытрады.
Біріккен
Араб Әмірліктерінде велоспорттан «Дубай» туры жалғасуда. Дәрежелі жарыстың
екінші кезеңінде командалар 185 шақырымнан тұратын жазық жолда мықтыны
анықтады. Бұл жолы да спринтерлер өзара бәсекеге түсті. Бірінші кезеңде үшінші
орын алған «Скай» клубының өкілі Элиа Вивиани бұл жолы дұрыс тактика таңдап,
өзінің басты қарсыласы ұлыбританиялық Марк Кэвендиш пен «Астана» командасының
спортшысы Андреа Гуардинидің алдын орап кетті. Бұл жетістігінен кейін Вивиани
жалпы есепте екінші сатыға көтерілді.
«Астана» командасына келсек.
Спортшыларымыздың барлығы жарысты пелотонның ішінде аяқтады. Қазақстандық
спортшылардың арасынан Руслан Тлеубаев атап кеткен жөн. Межелі жерге 12-ші
болып жеткен отандасымыз жалпы есепте 20-шы орынға көтерілді. Ал қазақстандық
клубтың капитаны Винченцо Нибали екі кезеңнен кейін 57-ші сатыға
тұрақтады.
Испанияның
Гранада қаласында қысқы спорт түрлерінен универсиада жалғасуда. Могул жарысында
сынға түскен Қазақстан құрамасының спортшылары 2 алтын және 1 күміс медальді
құрама қоржынына салды. Әйелдер жарысында қарсылас шақ келтірмеген Юлия
Галышева алтыннан алқа тақса, ерлер сайысында жарыс жолына шыққан Павел
Колмаков пен Дмитрий Рейхард алғашы екі орынды иеленді. Медальдар тізімінде
Қазақстан құрамасы 5 алтын және 5 күміс жүлдемен екінші орнын сақтап қалды.
Бірінші орында - Ресей командасы. Олардың үлесінде жалпы саны 42 медаль бар.
Оның 14-і - алтын. Қазақстан құрамасын өкшелеп келе жатқан Германия
спортшыларының үлесінде 2 алтын және 2 күміс медаль бар.
Самат ҚАНАҒАТОВ