Русский Сайттың толық нұсқасы

Бағдад тұрғындары 12 жылға созылған коменданттық сағаттың алынғанын тойлап жатыр

  • AstanaTV
  • 09 ақпан 2015
  • 1373

Бағдад тұрғындары 12 жылға созылған коменданттық сағаттың алынғанын тойлап жатыр. Бұл жайында Рейтер агенттігі жазады. Коменданттың тыйым жүйесі америкалықтар қаланы басып алған соң басталған.

Елдің премьер-министрі Хайдер Абади мұндай шешім жағдайды тұрақтандыру үшін қабылданғанын айтады. Коменданттық сағат Ирак астанасындағы соңғы қақтығысқа қарамастан алынып отыр.

Еске салсақ, сенбі күні «Ислам Мемлекеті» радикалды тобы шабуыл жасап, 40 адам қайтыс болған еді. Десе де, режимнің аяқталғанына жергілікті халық пен саудагерлер дән риза.

Айтуларынша, енді сауданы дөңгелетуге қолайлы жағдай тумақ. Өйткені коменданттық сағат бітеді деп, алаңдап, үй жаққа асығудың қажеті болмайды.

Салам Алзубади, «Масаа» газетінің бас редакторы:

Ирактағы көптеген мейрамханалар мен қонақ үйлердің табысы түн уақытында қызады. Коменданттық сағаттың алынуы, пайдаға кенелуге мүмкіндік береді деген сөз. Жалпы ел экономикасына оң әсер етеді.

Ришат АСҚАРБЕКОВ