Русский Сайттың толық нұсқасы

АН-2 ұшағының апатынан қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы төлене бастады

  • AstanaTV
  • 09 ақпан 2015
  • 1250

«Қазақмыс» корпорациясы АН-2 ұшағы апатынан қаза тапқан қызметкерлерінің отбасыларына өтемақы төлей бастады. «Апаттың себеп-салдарын анықтауы тиіс Үкіметтік комиссия қорытындысын күтпестен, кәсіпорын 3 қызметкердің отбасына орташа айлықтың 10 жылдық сомасы көлемінде өтемақы төлейді»,-делінеді компания таратқан хабарламада.

Бұл бір реттік төлемнен бөлек қаржы. «Қазақмыс» қайтыс болған қызметкерлерінің балалары кәмелет жасқа толғанша ай сайын өтемақы төлейтін болды.
Ал апаттан аман қалған жалғыз жолаушы, Әсем Шаяхметоваға төленетін өтемақының құны ем аяқталған соң белгілі болады.

Кәсіпорын қызметкері жарақаттарынан толық айығып кеткенше ай сайын 750 мың теңге жәрдемақы төлеуді өз мойнына алды. Сондай-ақ, Шаяхметованың туыстарына уақытша пәтер жалдап бермек.

Еске салсақ, 3 экипаж мүшесінен бөлек, бортында 
«Қазақмыс» корпорациясының 4 қызметкері бар «Олимп Эйр» серіктестігіне тиесілі АН-2 ұшағы Жамбыл облысында құлады. Апат салдарынан 6 адам көз жұмды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ