Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбыл облысында жантүршігерлік жол апаты 10 адамның өмірін жалмады

  • AstanaTV
  • 09 ақпан 2015
  • 1693

Жамбыл облысында жантүршігерлік жол апаты 10 адамның өмірін жалмады. Тағы 3 адам түрлі жарақатпен  ауруханаға жеткізілген. Арасында аяғы ауыр келіншек те бар.

Астанадан шыққан жолаушылар көлігі Шымкент бағытында келе жатқан. Қайғылы оқиға Мойынқұм ауданы аумағында «Шығанақ» станциясынан 20 шақырым жерде орын алды. Алматы-Астана тас жолында апатқа ұшыраған «Ван Хол» маркалы автобуста 51 адам болған. Олардың екеуі - автобус жүргізушілері. Алдын-ала болжам бойынша, жол апаты жүргізушінің көктайғақта көлік тізгініне ие бола алмауынан орын алуы мүмкін. Апатқа кінәлі деген күдікпен 24 жастағы автобус жүргізушісі уақытша қамау абақтысына жеткізілген. 

Айта кетейік, 2013-2014 жылдары Жамбыл облысы аумағында  автобустардың қатысуымен 42 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл жолғы апат - жыл басынан бері болған ең ірі жол апаты. Әзірге апаттың себептерін анықтау мақсатында бірнеше сот сараптамалары тағайындалған.

Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Жамбыл облысының Алматы-Астана республикалық маңыздағы тас жолының 394 шақырымындағы «Ван Хол» маркалы автобусымен орын алған жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлімімен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Автобустың 3 жолаушысы Приозерск қаласының аудандық ауруханасына жеткізілді. Автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі таңда көз жұмған 10 адамның тұрғылықты жері анықталуда. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ