Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте пойыз апатына қатысты сотта қаралып жатқан қылмыстық іс қысқартылды

  • AstanaTV
  • 10 ақпан 2015
  • 1042

Шымкентте пойыз апатына қатысты сотта қаралып жатқан қылмыстық іс қысқартылды. Нәтижесінде «қателікке жол бергені» үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған бес бірдей теміржолшы жазадан құтылды. Бұл туралы аймақтағы көлік прокурорының аға көмекшісі Махмұт Отан мәлімдеді. 

Махмұт Отан, ОҚО көлік прокурорының аға көмекшісі:

Қылмыстық істің қысқару себебі осы жылдың бірінші қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасында жаңа Қылмыстық кодекс күшіне енді. Ескі Қылмыстық кодекс бойынша сотталушыларға тағылған ҚР ҚК-нің 295-бабының 4-бөлімінде көрсетілген қылмыстық іс-әрекеттері жаңа кодексте жоқ. Келтірілген шығын азаматтық іс түрінде сот арқылы өндірілуі мүмкін.

Яғни теміржолшылар «қауіпті жағдайға соқтыруы ықтимал теміржол көлігін пайдалану мен қозғалыс қауіпсіздігі ережесін сақтамау» бабы бойынша айыпталған еді. Енді бұл бап қылмыстық іске жатпайтындықтан, олардың  ісі азаматтық тәртіпке ауыстырылуы мүмкін. Шойын жолдағы апатқа қатысты алғашқы сот отырысы 16 қаңтарда өткен.  Қылмыстық істі сол күні көлік прокурорлары қысқартуды сұраған-ды. Сотқа тартылған азаматтар осы оқиғадан соң қызметінен төмендетілген.

Қорғаушы қылмыстық істің қысқаруына байланысты енді олар өз орнына келетінін айтты. Жеті ай жүргізілген тергеу нәтижесіне сай, «Вагондардың жолдан шығуына - рельстің техникалық ақауы себеп. Шойын жолдың байланысы дұрыс болмаған, ақау дер кезінде анықталмаған» деген қорытынды жасалды.

Еске салайық, 58 вагоны бар жүк пойызы өткен жылдың 5 мамырында аударылды. Вагондарда құрылыс заттары мен астықтан бөлек, күкірт қышқылы тиелген.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ