Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысында жеті бірдей кәсіпорын жұмыскерлер жалақысын төлемеген

  • AstanaTV
  • 10 ақпан 2015
  • 1671

Қызылорда облысында жеті бірдей кәсіпорын 2-3 айдан бері қызметкерлерінің жалақысын төлемей келген. 1327 адамға еңбекақы берешегі 162 миллион теңгеден асқан. Мұндай мәліметті еңбек саласындағы бақылау басқармасы жариялады.

Жалақыны уақтылы төлемегендер негізінен құрылыс компаниялары. Ең сорақысы, «МИГ» серіктестігі 113 қызметкеріне қарыз болса да, өзі банкрот болып танылған. Тиісті мекеме мамандары кәсіпорынның берешегін қайтару жұмыстарымен айналысуда.

Өңір басшысы барлық жеті мекемеге қарыздарын өтеуге бір апта уақыт берді. Облыс әкімі баспасөз қызметінің таратқан ақпараты бойынша, 15- ақпанға дейін қарыздан толық құтылмаған мекемелердің басшылары жауапқа тартылады. Қатаң ескертудің алғашқы нәтижесі де бар.

Өтеп Хасанов, Қызылорда облыстық еңбек саласын бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

Бүгінгі таңда ең ірі кәсіпорын бізде «Қызылордасужүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын. 700 қызметкерге 55 миллионын беріп, түске дейін құтылды. Енді біз күнделікті мониторинг жүргізіп отырамыз, негізі осы 7 мекемені күнделікті қанша сома қалғаны, қарызының қанша мөлшері қалғанын мәлімет алып жатамыз. Бізге жаңа дәлелді құжаттарын береді.

Шәрипа САҚТАПОВА