Испанияның
Гранада қаласында қысқы спорт түрлерінен универсиада жалғасуда. Топтық кезеңде
жеңіске жеткен Қазақстан құрамасы ширек финалда Жапония командасымен өзара
мықтыны анықтайды. Бұған дейін өткен
ойында қазақстандық ұжым 3-2 есебімен басым түсті. Өзге де спорт жаңалықтарын
Самат Қанағатов толықтырады.
Ұлттық
хоккей лигасында кезекті тур ойындары өтті. Турнир кестесінде бірін бірі өкшелеп
келе жатқан «Сент Луис» және «Чикаго» командалары өзара мықтыны анықтады. Екі
кезең қорытындысы бойынша командалар 2-2 есебімен тең түсті. Үшінші кезеңде
жұдырықтай жұмылған «Чикаго» хоккейшілері 3-2 есебімен алға шықты. Бұл сәтте
Мариан Хосса мүлт кетпеді.
Үш
шайбамен шектеліп қалмаған айдын иелері кездесу соңында есепті ұлғайтты. Бұл
жолы да мергендігімен танылған Хосса есепті қорытындылады.
Голландияның
Роттердам қаласында теннистен халықаралық турнир басталды. Дәрежелі жарыстың
алғашқы кезеңінде Чехия спортшысы Томаш Бердых Германия теннисшісі Тобиас
Камкемен кортқа шықты. Кездесуді ширақ бастаған Бердых бірінші сетте көп күш
жұмсамай, 6-1 есебімен алға шықты.
Үзілістен
кейін тез жиналған Камке есепті теңестіру үшін барын салды. Дегенмен тәжірибесі
мол Томаш Бердых бұл сәтте де жасымай бірқалыпты өнер көрсетті. Өз кезегінде
болмашы қателіктерге бой алдырып, жауапты сәтте ойын тізгінін уысынан шығарып алған
Тобиас Камке жеңілісін мойындады.
Келесі
ойында Франция теннисшісі Гаэль Манфис отандасы Эдуард Роже Васселимен ракетка
түйістірді. Кездесу басынан қателікке
бой алдырмай, қорғаныста сауатты ойынымен көзге түскен Монфис екінші айналымға
жолдама алды.
Самат ҚАНАҒАТОВ