Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда 70 жастағы ақсақал фитнеске барады

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2016
  • 1508

Оралда спортпен шұғылданғысы келетін барлық қарттарға спорт орталықтарында тегін қызмет көрсетілетін болды. Жергілікті билік осындай шешім қабылдады. Оған зейнеткерлердің бастамасы себеп. Енді олар қалаған спорт түрімен айналыса алады. Соңғы кезде Оралда бұқаралық спорт дамып келеді. Еркін Қарин тарқатсын.

Спортты жастайынан серік еткен Владимир ақсақал ауыр атлетикадан спорт шеберлігіне үміткер атанып, шаңғы спортынан екінші дәрежені иеленіп үлгірген. Қазір де ардагерлер арасында өткізілетін жарыстарға қатысып тұрады. Ал бүгін қария фитнес орталықтың табалдырығын аттады.

Владимир Недогреев:

Спортпен айналысуға қатысты айтарым: әркім өзі таңдауын жасауы керек. Өйткені бұл -  алдымен адамның өзі үшін керек нәрсе. Сондықтан баршаны спортпен шұғылдануға шақырамын.

Шаһар әкімі Алтай Көлгіновтың халықпен өткізген есептік кездесуінде, ақсақал өз замандастарына спортпен шұғылдануға жағдай болса деп сұраған еді. Қалтарыста қалғанын айтқан қариялардың өтінішін елеусіз қалдырмаған әкім оған қалаған спорт залына баруға рұқсат берді.

Азамат Нұрмұханбетов, спорт кешенінің директоры:

Бізде балалар мен мүгедектердің секциясы жұмыс істейді. Одан бөлек ақылы топтар да бар. Ал бізге келіп, спортпен айналысуға ниетті қариялар болса, қашан да есігіміз ашық. Қажетті жағдайын жасап береміз.

Қалалық спорт бөлімінің өкілдері өңірде бұқаралық спорт жанданып келе жатқанын айтады. Жазда веложарыстар өткізілсе, қыста жүздеген адам шаңғы тебеді, - деді.

Артур Шерғалиев, Орал қалалық спорт бөлімінің маманы:

Орал қаласындағы жасы 63-тен асқан зейнеткер-ардагерлер өздеріне ыңғайлы спорт түрімен, ыңғайлы тұрғылықты жерлерге спорттық ғимараттарға тегін келіп шұғылдануына болады. Өзінің сүйікті спорт түрін таңдай алады.

Күні бүгін Оралда 351 спорт залы болса, олардың ішінде ауладағы спор алаңқайларының орны бөлек. Өйткені көпқабатты үйлердің аулаларындағы бұл алаңдарды жыл он екі ай бойы қолдануға болады. Жазда балалар доп тепсе, қыста мұз айдынында хоккей ойнайды. Қазір де бұл жер сабақтан шыққан оқушыларға толы.

Бердібек Сейткереев, мектеп оқушысы:

Мен мұнда күнде келем хоккей ойнауға. Балалармен жиналып, хоккей ойнаймыз. Үйде компьютер ойнап отырғанша, сыртта көңіл көтеріп ойнау керек.

Әзірге қала бойынша тек осындай он алаңқай бар екен. Мамандардың сөзінше, мұндай ойын алаңдары әр үйдің ауласында болса да артық етпейді.

Еркін КАРИН