Русский Сайттың толық нұсқасы

Қорғаныс саласы подполковнигі жер қойнына тапсырылды

  • AstanaTV
  • 12 ақпан 2015
  • 974

 Өзін-өзі жарып жіберген Қорғаныс саласы подполковнигі Арман Сыздықовтың денесі бүгін Астанада жер қойнына тапсырылды. Қоштасу рәсіміне әскери қызметкердің әріптестері мен туыстары қатысты.

Белгілі болғаны: Арман Сыздықов бірнеше жылдан бері Қорғаныс министрлігінде қызмет еткен. Соңғы лауазымы - Қорғаныс министрлігінің ақпараттандыру және телекоммуникация бас басқармасында бөлім басшысы.

Бүгінде оның артында алғашқы және соңғы некесінен бір ұл мен бір қыз бала қалды. Біздің арнамыздың тілшілері бақилық болған подполковниктің өз-өзіне қол салу себептері туралы туыстарынан білмекке тырысты.

Алайда қызметтестері мен туыстары қайғылы оқиғаның себеп-салдары туралы хабарсыз екендіктерін айтты, енді бірі әңгімеден бас тартты.

Қандай себеппен ештеңе айтқан жоқ па сізге?- Жоқ.- Сіз қай жақтан, Алматыдан келдіңіз бе?- Жоқ, мен осы жерденмін.- Ештеңе жарияланбады ма? Үйде тағы хаттары қалмады ма?- Оны білмеймін.

Ал күні кеше Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, Сыздықовтың өліміне қатысты түсініктеме берді. «Қазіргі таңда жедел тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарына белгілі ақпараттан басқа ештеңе айта алмаймын. Өлім алдындағы хаты бар. Онда бірқатар азаматтың тегі көрсетілген», - деді қорғаныс министрі.

Еске сала кетейік, қайғылы жайт 10 ақпанда болды. Қорғаныс министрлігінің лауазымды қызметкері тура жұмыс орны алдында, көлікте өзін жарып жіберген. Арман Сыздықов сол жерде жан тәсілім етті.

Офицердің ақырғы хаты ретінде әлеуметтік желіде таралған хатта ол «екі басшысынан қатты қысым көргенін, әбден намысына тигенін жазған».

Жұрағат БАМАН