Ираннан санкциялар алынғасын Орталық Азия елдерінің басқа әлеммен байланысы түбегейлі өзгереді. «Азаттықта» жарияланған материалда сарапшылар осылай деген. Бұл ОА үшін зор мүмкіндік. Себебі ОА республикалары үшін кеңес империясы құлағаннан кейін де жалғыз ірі сауда жолы Ресей болып қала берген-ді. Кейін Қытай қосылды.
Сарапшылар «Орталық Азияның мұнайы мен газын Еуропаға тасымалдауға ең ыңғайлы жол – Иран» деген ортақ тұжырым жасады. Алайда «Тегеран әзірге бұған келісе қояйын деп тұрған жоқ, себебі ішкі есебі бар».
Иран өз мүддесін ойлайды. Олар үшін ең бастысы – қайткенде мұнай экспортын ұлғайту. ОА елдерінен мұнай тасу үшін Иран инфрақұрылымын жөнге келтіруі керек. Бұл біраз уақыт алады, - деген сарапшы Хусейн Ариан.
Ал басқа позициялар бойынша Тегерандағы жаңалық
аймаққа көп өзгеріс әкелетін түрі бар. Біз
үшін база мүлдем жоқ емес - мысалы, Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолы іске қосылған, жақында ұлттық әуе тасымалдаушы Тегеранмен арада тұрақты рейс ашылатынын хабарлады.
Иранға
ашылған «есік» ОА елдерінің басқа әлеммен байланысын түбірімен өзгертуі мүмкін
екенін еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі жанындағы «KAZNEX INVEST» экспорт пен инвестицялар жөніндегі
Ұлттық агенттік де айтады. Қазір Иранда 10 мың шақырымдық
темір жолы бар. 2025 жылға дейін қосымша 15 мың шақырым темір жол төсемек.
Осыған сәйкес, біз Иранға темір жол техникаларын ұсына аламыз. Металл өнімдері
және бидай экспортын еселеуге болады. Тек:
Мейержан Майкенов, «Kaznex Invest» басқарма төрағасының орынбасары:
Иран тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге ашылады. Тиісінше, Иран нарығында күшті бәсеке тумақ. Қазақстандық тауар өндірушілер сол бәсекеге шыдас бере алуы керек. Басымдық беретіндей ұсыныс жасай алу керек.
Рас, бәсеке өте-мөте күшті: өткен аптаның соңында Қытай төрағасы Си Цзиньпин Тегеранда болғанында Пекин пен Тегеран энергетикадан бастап саудаға дейін 17 келісімге қол қойды.
Иран президенті Хасан Роуханидің өзі Италия мен Францияға барып, «шақыру билеттерін» таратты. Италиялықтар Римнің капитолий музейлерінде бағзы заман дәуірінің ескерткіштерін фанермен қоршап қойды. Иран лидерін ренжітпеу үшін. Көңіліне қаяу түсірмеуге неге тырыспасын – тараптар 17 млрд доллардың келісімдеріне қол қойды. Мәселен, Иран нарығына Renault-Nissan автоконцерні шықпақ. Әрине, француздар италиялықтар сияқты құлай кеткен жоқ – президенттердің түскі асына шарап қоймауды сұраған парсыларға – бұл біздің дәстүріміз, одан бас тарта алмаймыз- деп, түскі астың орнына таңғы шәй ішуді ұсынған. Парсылар «арзан асқа» бармайтындарын айтқан. Бұл енді әр ұлттың болмысына байланысты штрихтар. Француздар мен италиялықтарды айтам... Бірақ француздардың да ұпайы түгел - Иран Airbus компаниясынан 22 миллион еуроға 118 Airbus жолаушы ұшағын сатып алмақ, Peugeot-Citroen авто концерні Иранда бірлескен кәсіпорын құрып, келесі жылдан бастап 200 мың көлік құрау туралы келісім жасасқанын хабарлады.
Ал бізге өзімізге баруға тура келеді - ақпан айының басында Инвестициялар және даму министрлігі бастаған делегация Тегеранға барып келіссөздер жүргізеді. Форумға қатысуға 70 компания ниет білдірген...
Дегенмен
сарапшылар бұл өзгерістер жүзеге асуы үшін кем дегенде 10 жыл керек дейді.
Ғасырлар бойы ірі сауда жолы болған Жібек жолының тарихы тұрғысынан бұл қас
қағым сәт екені рас, дегенмен қазір экономикалары кері кетіп тұрған Орталық
Азия елдері үшін бұл – ұзақ уақыт – деген «Азаттықта» бас қосқан сарапшылар.