Парламент келесі аптада республикалық бюджетке өзгеріс енгізу
жобасын қарайды. Бұл туралы Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы
Гүлжан Қарақұсова хабарлады. Бюджетке өзгерістер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың
үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктеген тапсырмаларына сай енгізілмек.
Гүлжан Қарақұсова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және
бюджет комитетінің төрайымы:
Президент айтқандай, Қазақстан экономикасында дағдарыс жоқ. Бүгін
әлемде қалыптасқан экономикалық ахуал елімізге біршама әсер еткені рас.
Сондықтан бюджеттің шығыс бөлігі оңтайландырылады. Елбасы республикалық бюджет
шығыстарын 700 млрд теңгеге қысқарту туралы тапсырма берді. Келесі аптада бюджет
жобасы Парламентте қаралады, сол кезде нақты шығыс көлемі белгілі болады.
Депутаттың айтуынша, еліміздегі барлық министрліктер мен
квазимемлекеттік сектордың да шығыстары 4 млрд теңгеге дейін қысқартылады. Мәселен, Парламент 15,2 пайыз
шығыстарын қысқартып үлгерді. Күні кеше
Президент 2015 жыл бюджетінің шығындары
біршама қысқартылатынын айтқан. Десе де, әлеуметтік бағдарламалар мен міндеттер
толықтай орындалатынын айтты.
Ал Парламент Сенатының Қаржы және бюджет
комитетінің төрағасы Рашид Ахметов мұнай бағасы көтерілетін болса, сәйкесінше
бюджет те қайта қаралатынын жеткізді.
Рашид Ахметов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет
комитетінің төрағасы:
Мұнайдың құны ағымдағы не келер жылы қандай болатынын нақты ешкім
айта алмайды. Дегенмен, мұнай бағасы көтеріліп, әлемдік экономикада өзгерістер
байқалған кезде, республикалық бюджеттің кіріс және шығыс бөліктері қайта
қаралатын болады.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА