Русский Сайттың толық нұсқасы

Киіктердің қырылу себебі пастереллез ... емес, бюрократия

  • AstanaTV
  • 30 қаңтар 2016
  • 3357

«332 миллион теңгені алды да, «пастереллез» деп, ештеңе жасаған жоқ. Енді қазір 1,5 миллиард сұрап отыр. Пастереллезбен күресіп керегі жоқ, кенемен күресу керек. Оған 30 миллион теңге керек, әрі кетсе 40 миллион». Мұны біздің арнаға арнайы келіп сұхбат берген мал дәрігері, ғалым Әділқасым Жақыпбаев есімді азамат айтты. Осы аптада мүдделі министрліктерге қарайтындар киіктердің неден қырылып жатқанын зерттеу үшін 1,5 млрд теңге керек деген еді, кезекті рет, кезекті жиналыста. Футурист В.Маяковскийдің «Барлық жиналыстарды тоқтататын ...тағы бір жиналыс керек» - деп аяқталатын «Мәжілісқұмарлар» өлеңі еске түседі. Азамат Алдоңғаров жалғастырады. 

Көктемнің алғашқы жылуымен қазақ даласына қатар келетін үлкен нәубет бар. Ол киелі жануар - киіктің жаппай қырылуы. Нәубет деместен басқа бұл проблеманың масштабын дәл сипаттайтын сөз табу қиын. Қазақстан 2006 жылдағы 49 мың бас киіктің санын 2014 жылы 300 мыңға жуықтатып, зор жетістікке жетті. Ал 2015-те сол «жетістіктің» тең жартысы жерге көмілді. Белгісіз кеселден 150 мыңнан астам ақбөкеннің аузынан ақкөбік ағып, іші кеуіп, арам қатты. 150 мың - бұл тек табылып, көмілгені көрінеді.

Әділқасым Жақыпбаев, ветеренария ғылымының докторы:

Көмілген киіктің саны 150 мың, ал негізі өлген киіктің саны 211 мың. Өйткені апрельдегі санақ бойынша  Бетпақдалада 242 мың киік болды, ал енді киік қырылғаннан кейін қайта санағанда 31 мың  киік табылды.

Әділқасым ақсақал киікке саналы ғұмырын арнаған  маман. Соңғы жылдары киік қырылуының алдын-алумен емес, оған ақша шашушылармен күресіп жүрмін деді. Неге дейсіз ғой? Шама жеткенше тарқатып көрейік. Үкімет 2012 жылы киелі жануарды қорудың ғылыми жұмыстарына 332 миллион теңге бөліпті. Оны алған азаматтар аянбай еңбек етіпті.

Абылай Сансызбай, ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік ғылыми зерттеу институтының бас директоры:

2012-14 жылдары жұмыс жасағанбыз. Ол сонда бөлінген ақша. Ол туралы 3 жылда ғалымдармен үлкен жұмыс жасадық. Ол бірінші рет Қазақстанда киіктердің ауруымен күресу. Оның не себептен болғанын, қандай аурулардан қырылғанын біз анықтадық. Сіз айтып отырсыз пастереллез деп, пастереллез деген ол вторичный инфекция.

Атқарылған үлкен жұмыс пен қайран ақшаның қайыры қайда дейсіздер ғой? Ғалымдардың білігіне күмән келтіруден аулақпыз, әлбетте. Бірақ 2014-те кешенді жұмыс аяқталса, неліктен 2015-те әупірімдеп көтерген жануардың тең жартысы қырылады. Осы және басқа да сұрақтар осы аптада бірнеше мемлекеттік органның қатысуымен өткен жиында сөз болды. Баяндамалар тыңдалды, есеп берілді. Талқылауға келгенде шенеуніктер екі мәселеде тығырыққа тіреледі. Біріншісі – көктемгі экспедицияны кім басқарады деген мәселе. Экспедицияның міндеті киік төлдеуге келетін аймақтарды шолып, шөп пен жердің құрамын улы заттарға тексеру. Бұған дейін мемлекеттен қыруар қаржы алып, «үлкеен» жұмыс атқарған Білім және ғылым министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтейді. Олар «жоқ, біз жалғыз бармаймыз, сендер де жүріңдер» дейді.

Абылай Сансызбай, ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік ғылыми зерттеу институтының бас директоры:

¤

Сақтау, киіктерді, негізінен Ауыл шаруашылығының жұмысы. Біз ғылыми жағынан жауап береміз. Ендігі мәселе біз ғылыми жұмысты жалғастыруымыз керек әрі қарай, 15-16 институт бірігіп жұмыс жасап жатырмыз. Жаңағы «дорожный картаны» да бірігіп жасадық. Жалғыз біздің ғана институт емес. Ендігі мәселе осы саланы  қаржыландыратын болса енді оны болдырмау жұмысын істейміз. «Қанша қаражат керек? 1,5 миллиард теңге делінді?» Ол жанағы 16 организацияға сондай қаражат керек.

Бұл - тығырыққа тіреген екінші мәселе. Ғалымдар бас қосып, киелі жануарды сақтауға бір жарым миллиард теңге талап етеді. Алайда үкіметтің кезекті жол картасына бөлер артық ақшасы жоқ. Ақша болмаған соң, жұмыс та ілгерілемей тұр.

Қайрат Үстеміров,  ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:

Бұл жұмыстарды ғылым комитеті басқаруы тиіс. Олар залалсыздандыру керек деген жерді біз залалсыздандырамыз. Жаппай қырылудың бір себебі кене болса оны немен улау керек екенін ғалымдар айтуы тиіс. Олардың шешімінсіз өз бетімізбен шара қолдана алмаймыз.

Қазақ жерінде министрлік түгілі мемлекет болмағанда, энциклопедиялық мәліметтерге сенсек, сонау мұз дәуірінен біздің кезеңге миллион баспен жеткен жезкиікті кім «бақты» екен? Қос министрлік өзара мәмілеге келгенше киік те төлдейді. 

Әділқасым Жақыпбаев, ветеренария ғылымының докторы:

Пастереллезбен күресіп керегі жоқ, кенемен күрессе пастереллез деген ауру болмайды. Менің тұжырымым бойынша наурыздың біріне дейін экспедиция шығып, қай жерде кене көп, қай жерде саршұнақ, тышқан көп сол жерді табу керек те картасын жасау керек. Оған бір 30-ақ миллион теңге керек, 40 миллион әрі кетсе. Экспедиция құрып Қызылорда жақтан шығарып, мына жақтан шығарып қарта жасау керек. Сол қартаны көбейтіп Қызылорданың әкіміне, Қарағандының әкіміне, Ақтөбе, Ақмола, Қостанайдың әкімінің алдына салу керек.

Бұл ардагер маманның том-том зерттеу жұмыстарының сығындысы. Зерттеуге кезінде БҰҰ-ның жердің биоалуандығын сақтаумен айналысатын арнайы бағдарламалар бөлімі тапсырыс беріпті. Оның көшірмелерін маман тиісті мемлекеттік органдарға да жіберген. Қазақстанда киіктің қырылуы тек отандық ғалымдарды емес, шетелдік мамандарды да алаңдатады. Германия мен Ұлыбританияның беделді университеттерінің ғалымдары келіп дала кезді. Зерттеді. Олардың қортындысы біздің ғалымдармен үндес. Әділқасым Жақыпбаевтың зерттеулерінен бір қызық дерек келтерейік.

графика: 1981 жыл. Торғай даласында 100 мың киік қырылған. 1984-те Жайық пен Еділ арасында 250 мың ақбөкеннен айырылдық. 1989 жыл, тағы сол Торғайда 434 мың бас өлді. 2010 жылы Жайық пен Еділде тағы 12 мың бастан айырылдық. Содан кейінгі ең ірі жұт өткен жылда. Үш өңірде қырылған киік саны ресми дерек бойынша 151 мың. Бұлардың барлығын себебі жалғыз – ПАСТЕРЕЛЛЕЗ.

Ендеше 35 жыл бұрын анықталып, жыл санап қайталанып отырған эпидемияның ғылыми зерттеуіне миллиардтап ақша шашудың қажеті қанша?

Әділқасым Жақыпбаев, ветеренария ғылымының докторы:

Саудаға түсіп кетті. Киік неден өлді мәселе жоқ, ақшаның саудасы. Қазір егер біз осыны мынада жазылғанды жасамасақ ең көп киік қазір Оралда, 70 мыңдай бар. Сол қырылуы мүмкін. Киіктерді бағып-қағатын мекемелер бар. ТОО «Охотзоопром» дейді. 300 адам жұмысшысы бар, 114 единица техникасы бар. Бұл солардың жұмысы, киіктің жанында жүруі керек.

Проблеманы эпидемия ошағында жүріп шешу керек дейді маман. Жылы кабинетте отырып дауласқан ақ жағалылардың жиынында, киіктің көбеюіне кедергі болып отырған тағы бір проблема айтылды. Ол браконьерлер мәселесі. Олармен күрес әрқашан қиынға соққан. Оның үстіне неге екені белгісіз, қылмыскерді жазаға тартатын «қатаң» заң жұмсара түскен. Ұсталғандар айыппұл төлеп құтылады, ал қылмыс үстінде тәркіленген арнайы қымбат көліктер, соттан кейін қожайынға қайтарылады.

Ерзат Әлзақов, «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі» РМҚК  бас директоры:

¤

Соттан кейін қайтып өздерінің қожайындарына қайтарылып беріледі. Бір апта, екі аптадан кейін біз оларды қайтадан даладан ұстаймыз.

Қош, қортындыласақ. Қазаққа шынымен киелі киігі керек болса заңды жетілдіру керек, бір. Екіншіден, отандық ғалымдар білімі мен тәжірибесін мал жимаққа емес, елдің игілігіне жаратса игі. Бір сөзбен «сен салар да, мен саларды» қою қажет.  «Жапты жала, жақты күйе» демес үшін, осы проблемаға қатысты мемлекет басшысының айтқанын келтірейік.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Астана, 12.06.2015ж

Это говорит о том, что вообще безобразие полное, что мы не имеем соответствующих специалистов, не умеем определить на собственной земле, что творится

Азамат Алдоңғаров, Нұржан Махмұтов, «Біздің уақыт».