Русский Сайттың толық нұсқасы

Теміртауда медициналық колледждің 18 студенті екпеден кейін төсек тартып қалды

  • AstanaTV
  • 12 ақпан 2015
  • 1230

Теміртауда медициналық колледждің 18 студенті қызылша ауруына қарсы екпеден кейін төсекке таңылды. Қазір олар инфекциялық клиникада дәрігерлердің жіті бақылауында. Ауруханаға түскендердің барлығы - оқу орнының бірінші курс студенттері. Олар басы айналып, жүректері айнығанын айтып шағымданған. Араларында тіпті есінен танып қалғандары да бар көрінеді. Олардың кейбірі емдеу орнына колледжден жеткізілді.Енді бірін жедел жәрдем қызметі үйлерінен ауруханаға алып кеткен.

Сезім Ахмадиева, Теміртау қаласы медициналық колледжінің 1 курс студенті:

Екпе жасап, 10 минут өткеннен кейін  өзімді нашар сезіндім. Басым айналып, жүрегім айни бастады. 

Колледж ұстаздарының дерегінше, екпені қабылдаған басқа 160 студенттің жағдайы қалыпты. Төтенше жағдайдың себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Құрамына денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері енген комиссия қорытындысы бойынша, студенттерге берілген дәрі қауіпсіз. Олар қызылшаға қарсы егілген үнді вакцинасына қатысты бұған дейін шағым түспегенін айтты. Дәрігерлер сөзінше, ауруханада жатқандардың жағдайы қалыпты. Кейбіреулері үйге қайтарылған. Ал дәрігер мамандар: «Жағдай әлі толық зерттелмегендіктен, бұл  екпеден бас тарту дұрыс емес», - деп санайды.

Светлана Брамонтова, Теміртау медицина колледжінің директоры:

Бұл жаппай психоз да болуы мүмкін. Яғни балалар бір біріне қарап, мұрттай ұшқан болса керек. Біреудің басы ауырып, ол өз танысына айтқан болар. Ал әлгі танысы бастың ауруын өзінен іздеп, ақырында оның да басы ауырған болуы ықтимал. Балалардың организмін түсіну қиындау.

Ержан Нұрлыбаев, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы:

Вакцина қауіпсіз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының лицензиясы бар. Бұл иммунитеттің тың реакциясы болуы мүмкін. Вакцинация бәрібір жалғасады.  

Абзал ҚҰРМАНКИН