Шымбұлаққа барып шаңғы теуіп көрдіңіз бе?! Арзан емес болғасын баруды ойламайсыз, солай ғой? Бірақ кейбір шығындарды қысқартып, тіршілік салтына реформалар жүргізіп көрсе ше? Алайда «реформа» жүргізсең де қиюы келмеуі мүмкін екенін білеміз... Жалпы, тау шаңғысы курортының шетелдік туристерді тартып, бюджетке ақша түсіретін әлеуеті де зор. Зор?
Айгүл Ермаханның репортажы.
«Шымбұлақ» Іле-Алатауы бөктерінің інжу – маржаны.Бірақ осы табиғат сыйлаған тартуды бағалап отырмыз ба? Оның үстіне қазіргі дағдарыс уақытында бүйірі солған бюджеттің мүлдем қақ айырылмауын қамтамасыз ету керек.
Бірден-бір жолы тау шаңғысы курортының әлеуетін арттырып, шетелдік туристерді тарту. Ал, жарнама жеткілікті ме?
Тимур Дүйсенғалиев, Алматы қалалық туризм басқармасының басшысы:
Біз бұл бағытта бірнеше елдің нарығына көз тігіп отырмыз. Олар Ресей, Үндістан, Қытай және Иран елдері. Өйткені бұл елдердің халқы көп. Өткен жылы Иранмен меморандумға қол қойдық. 26 телеарнаға өзіміздің ғажайып демалатын орындарымыз көрсетілетін видеоларды жібердік. Желтоқсан айынан бүгінгі күнге дейін біздің жарнамамен Иранның 80 млн халқы танысты. Қазіргі кезде Наурыз мерекесіне қатысуға 3 мың адам тапсырыс берді. Тағы бір мәселе Иран мен Үндістаннан келетін туристердің визалық мәселесін қысқа мерзімде жеңілдетуді жеделдету қажет. Егер біз оны тез рәсімдей алмасақ жарнамаға босқа шашылған болып шығамыз.
Өткен жылы әсем қала Алматыны тамашалауға келгендердің саны 760 мыңға жеткен. Оның 260 мыңы шетелден келген саяхатшылар.
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
Еліміз бойынша туризмнен түсетін түсімнің 25 пайызын Алматы береді. Доллар бағамының құбылуы өз кезегінде туризм саласына оң әсер етті. Мысалы, Кеңес одағы кезінде Шымбұлаққа жылына 10 мың адам баратын болса, соңғы демалыс күндері 15 мың адам бір-ақ келді. Демек, Шымбұлаққа деген сұраныс жоғары. Қызмет түрлері тым қымбат дейтін, қазір баға әжептәуір түсті. Бірақ бұған тоқмейілсімей бұл бағыттағы жұмыстарды көркейту қажет. Ол үшін біз қомақты инвестиция тартудың жолын қарастыру қажет.
Талайды тамсандырған «Шымбұлақ» жұмыс күндері де адамға лық толы.
Шымбұлақтағы қардың қасиетіне таң қалмай тұра алмайсыз. Олай дейтініміз мұндағы қар желтоқсан айынан сәуір айына дейін ерімей тұрақты жатады екен. Содан болар мұнда келушілердің қарасы қалың. Жаста бар, жасамыста бар. Біз де киініп шаңғы тебуге сақадай сай тұрмыз. Шебер шаңғы тебеміз деп мақтана алмасақ та, бүгін саф ауамен тыныстауға мүмкіндік туып тұр. Ендеше кеттік.
Өткен жылы күніне 7 мың адамға есігін айқара ашқан шаңғы шипажайы қазір тәулігіне 10 мың адам қабылдауға қауқары бар. Оның 10-15 пайызы шетелдіктер.
Ержан Еркенбаев, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының бас директоры:
Жасыратыны жоқ өткен жылы дағдарыстан халық дағдарып Шымбұлаққа келетіндердің қарасы азаяды деп қорыққанбыз. Қателескен екенбіз. Керісінше, көрікті мекенді көруге асыққандар көбейді. Бүгінгі күні тіпті рекорд жаңарттық десекте болады. 2-ші қаңтар күні бір күнде 13 мың адамды қабылдап үлгердік. Қазіргі қаржы жағдайында шетелдіктер қаптап келуде. Біздің баға олардың көңілінен шығады. Әрі біз әлеуметтік желілерде салауатты өмір салтын ұстануды жақсы насихаттаймыз. Содан болар тау-шаңғы спорты халықтың сүйікті спортына айналды. Бағалары да қолжетімді.
Дегенмен өзінің иелігіндегі меншікті кім жамандасын... Айтқанына көз жеткізгіміз келді. Сөзге шеттен келген саяхатшыларды тарттық.
Патрик Линч, саяхатшы (Австралия):
Менің досым бар. Ол Шымбұлақты жақсы біледі екен. Осында келуіме кеңес берді. Сноубордпен шұғылданғаныма 4 жыл. Бастысы-жергілікті халық ұнады. Бір ғана проблема бар ол қызмет көрсететін адамдар ағылшынша сөйлемейді. Сол қиындық туғызады. Ағылшын тілінде сөйлейтін адамдарды іздеп жүріп қаламыз.
Жером Вьёла, саяхатшы (Франция):
Алматыға іссапармен келдім. Жарты күнге бос уақыт тауып, Шымбұлақты көруге асықтым. Көңілімнен шықты. Келесі апта Альпіға барамын. Шаңғы тебуден 35 жылдық тәжірибем бар. Айтарым Еуропадан кем түспейді. Баға жағынан арзан. Францияда мысалы күніне 60 еуро жұмсайтыныңыз анық, ал мұнда барынша қолжетімді.
Осыдан бір жыл бұрын көпшіліктің «Шымбұлақта серуендеу арман болып барады» дегенін жиі құлағымыз шалатын. Қазірде қарапайым халық үшін қолжетімді болып тұрғаны байқамадық. Есептеп көрейік, аспалы жол арқылы Шымбұлаққа көтеріліп-түсу кем дегенде 2500 теңге тұрса, бір күндік сырғанау абономенті 5500 теңге, шаңғыны жалға алу 3000 теңгеден басталады. Су сіңбейтін арнайы киім-кешек пен қорғаныс көзілдірігі кемі 4000 мыңға шығады. Инструктордың бір сабағы 8000 мың теңге. Бұларға тамаққа кететін шығынды қоссаңыз 30 мың теңгеден асып жығылады...
Әрине, келетіндер бар.
Ибрагим Шарипов, Алматы қаласының тұрғыны:
Шетелге барғаннан бірнеше арзан.Шетелде қиыншылықтар бар мигрнаттар, бұл өзіміздің жеріміз, тыныш. Қазір 10 долларға тамақты шетелдің қай жеріне барып жейсіз?
Мереуерт Досбаева, Астана қаласының тұрғыны:
Бұрын қымбат болатын туыстармен де келе алмайтынбыз. Қазір студент болып тамағымызды алып жүруге болады. Бір күнге таза ауаны жұтып қайтуға түк емес. Корей елінде оқып келгенмін, бағалары қымбат болды, бара алмадым. Осы қыста Еуропаға барсам ба деп жүрмін, бағалары қымбат болатын шығар.
Ержан Еркенбаев, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының бас директоры:
Біз бұрынғы тарифті сақтап қалдық. Тіпті көп жеңілдіктер жарияладық. мысалы бізде жасы 65-тен асқан жандарға және жасы 5-ке келмеген балаларға арналған тегін бағдарлама бар. Бір мақтанғым келіп отырғаны біз қонақтарымыз үшін трассаларды күніне екі рет жақсылап дайындап отырамыз. Ал, Еуропада 2 аптада бір рет тексеру жұмыстары жүргізіледі. Әрі қар өте құрғақ және сырғанауға қолайлы. Қолдан келгенше, Альпі курорттарының деңгейіне жетуге күш саламыз.
Осылай дегеніңізбен жуырда әлеуметтік желіде Шымбұлақтың қызмет көрсету сапасы ақсап тұрғанын тараған Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков фейсбуктегі парақшасына жазған болатын. Көзше шыққан сүйелдей болып тұрған әжетхана суретін басып. Оған Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің өзі жауап беріп, тауға биотуалет орнату туралы ұсыныс жасаған болатын.
Тимур Дүйсенғалиев, Алматы қалалық туризм басқармасының басшысы:
Төменгі жағында дәретхана дауы болған емес. Бұл жерде айтылып отырған аспалы жолдың жоғарғы бекетіндегі дәретхана. Менің пікірімше оны қоймау керек еді. Ақыры орнататын болса бірден оңдысын қойған дұрыс еді.
Тек бұл емес, жедел шешуді күтіп тұрған тағы бір мәселе бар:
Айгүл Исағұлова, Қазақстандық туристік ассоциациясының үйлестірушісі:
Қала маңында орналасқан кейбір демалыс орталықтарына рұқсат қағазсыз кірмеу туралы шешім шыққан болатын.Бұл қадам шетелден келген туристердің өзі ұнатып, көргісі келген жеріне шектеу қояды. Екінші мәселе бұл туристік фирмалардың туристерді қаланың кез-келген орындарын түнгі уақыта тамашалауына мүмкіндік беру. Біз бұл бағытта заңға өзгерістер енгізуді сұрадық. Қазір түнгі уақытта серуендеуге рұқсат берілді. Дегенмен келер жылы қайтадан тоқтап қалуына ешкім кепілдік бермейді. Қазіргі уақытта сыртқа саяхаттаушылардың нөпірі азайды. Сондықтан ішкі туризм мен шетелден келушілерге қолайлы жағдай туғызуымыз қажет.
Теңіз деңгейінен 2510 метр биіктікте орналасқан Шымбұлақ Қырғызстанның Қаракөлі мен Грузияның Гудауриін артта тастап, осымен бірнеше жыл қатар ТМД елдерінің ішіндегі ең көрікті тау-шаңғы курорты болып есептелді. Бұл деңгейден де асу қажет. Ол үшін сапа мықты, жарнама жеткілікті болуы тиіс. Жылдар бойы "мұнайға ғана созылып, ақыры қисайып қалған мойынды" түзеудің бір жолы осы - туризм.
Айгүл
Ермахан «Біздің уақыт».