Русский Сайттың толық нұсқасы

Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы басшысы Мұрат Оспанов бостандыққа шықты

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2015
  • 1031

«Мемлекетке 1 миллиард 101 млн теңге айыппұл төлесін. Мемлекеттік және жергілікті  басқару органдарында қызмет ету құқығынан біржолата айырылсын». Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы басшысы Мұрат Оспановқа қатысты сот осындай үкім шығарды.

Бүгін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сот Оспановты пара алу бабы бойынша кінәлі деп таныды. Сот залынан ешқайда шықпау жөніндегі тілхатпен босатты. Сондай-ақ сот Оспановты «Құрмет» орденінен айыру туралы Президентке ұсыныс тастау туралы үкім етті.

Бүгінге дейін  экс-төрағаның 37 мың доллар көлеміндегі жеке қаражаты, Астана мен Семей қалаларындағы жер телімдері, жер асты тұрағындағы үлесі мен өзге де жеке мүлкі тәркіленген еді. Жарты жылдан астам қамауда отырған Мұрат Оспановтың өзі, бүгінгі үкім мен алдағы жоспарлары жөнінде тіс жармай, сот залынан кетуге асықты.

Еске салайық, Мұрат Оспановты өткен жылдың 1 шілдесінде «кәсіпкерге делдалдық қызмет көрсеткені үшін 300 мың доллар пара алды» деген күдікпен қаржы полициясы тұтқындады. Мемлекеттік айыптаушы соттан Оспановты 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ