Русский Сайттың толық нұсқасы

Еңбек - ердің несібі

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2015
  • 1983

«Ер дәулеті – еңбек». Жарты ғасырға жуық өмірін елді жарықпен қамтамасыз етуге арнаған атыраулық Тұраш Төлегенов осылай дейді. 17 жасында «Гурьевэнерго» жоғары вольтты желілер басқармасына электр шебері болып жұмысқа келген жас жігіт осы саламен бірге өсіп, тәжірибе жинағанын айтады. Бүгінде аймақтағы энергетика саласы мамандарының арасында оны танымайтындар кем де кем. Біздің тілшілеріміз алпыстың асуына шықса да, жас жігіттерден кем түспей қауіпті саналатын әуе желілерін бағындырып жүрген кәсіби маманмен кездесіп қайтты.

Қала маңындағы Жұмыскер ауылында жарық өшіп, тұтас бір көше тұрғындары жарықсыз қалған. Тұраш Төлегенов бастаған бригаданың бүгінгі жұмыс күні осы жерден басталды. Алғашқы міндет - себебін анықтау. Кәсіби маманның қырағы көзі тозығы жеткен электр сымының үзілгенін байқап, бірден іске кірісті. 15 минут уақыттан соң ауылға жарық қосылды.

Тұраш Төлегенов, Атырау қалалық электр жүйелері мекемесінің электр шебері:

Қиындық жоқ.  Үйренген жұмыс. Бригадамыздың көбі жастар. Жұмысқа алғыр. Мен жұмысқа келгенде, кіші қала еді. Қазір микрорайондар өсіп жатыр.  Аумақ үлкеюде. Біз авария болмасын деп, үздіксіз жарық беруге тырысамыз.

Тұраш Базарбайұлы сөзге шорқақ болғанымен, қызметінде ширақ. Электр желілерінде апат бола қалса, жастардан бұрын биік бағанаға шығып, ақауға көз жеткізгенше, тыным таппайды. 11-ден 26 метрге дейін биік бағанға шығатын маман, өзінің де, маңындағылардың да қауіпсіздік ережелерін сақтауын қадағалайды. Қауіпті салаға 43 жылын арнаған Тұраш ағаның еңбегі еленіп, «Атырау энергетикасы жүйесінің еңбек ардагері» атанды. Ал 2010 жылы «Қазақстан Электр энергетикасы қауымдастығының Құрметті энергетигі» атағы берілді. Бүгінде көптеген шәкірттері облыстың энергетика саласында еңбек етеді.

Саламат Жалғасов, Атырау қалалық электр жүйелері мекемесінің аға шебері:

2005 жылы жұмысқа кіргенде, Тұраш ағаның қасында жүріп үйрендім. Жұмыста бағанға шыққанда, бірінші не істеу керек, қалай тексеру керек - бәрін сол кісіден үйрендім деп айтуыма болады. Қайда да жас жігіттерге ұқсап, алда жүреді, жастарды тәрбиелеп жүреді.

Биыл 60-тың асуын бағындырған Тұраш Төлегенов - берекелі отбасының тірегі. Зайыбы екеуі үш қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр. Қолы қалт етсе, кішкене жиендеріне асығатын қария, ұрпағымның да еңбектің майданында шыңдалуын қалаймын, дейді.

Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ