Русский Сайттың толық нұсқасы

Әлеуметтік мекемелер 1,5 миллиард теңгенің сүт өнімдерін Ресей мен Беларуссиядан сатып алады

  • AstanaTV
  • 16 ақпан 2015
  • 1079

«Сүт өнімдерінің басым бөлігі көрші елдерден тасымалданады. Бұл дұрыс емес». Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов аймақтағы ахуалды зерттей келе осындай тоқтамға келді. Мектептер мен ауруханаларға жүргізілген тексеру қорытындысы таңқаларлық.

Көптеген әлеуметтік мекемелердің басшылары шамамен 1,5 миллиард теңгенің сүт өнімдерін Ресей мен Беларуссиядан сатып алады екен. Ал облыстағы сүт зауыттары тек 30% қуатында ғана жұмыс істеп тұр.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Әрбір мекеме басшысы өз танысынан сатып алуды әдетке айналдырған. Енді олай болмайды. Стандартқа сай, өзімізде шығарылатын, жоғары сапалы өнімді алуымыз керек. Шаруаларымызға осылайша қолдау көрсетуге тиіспіз.

Аймақтағы ірі қараның 28 % ғана сүт өндіру саласына пайдаланылып отыр. Бұған жеке қожалықтардан сүт жинау механизмінің жолға қойылмауы себеп. Сондай-ақ, өнімге мал дәрігерлік бақылау да өз деңгейінде жүргізілмейді.

Жағдайды түзету үшін облыста 38 сүт фермасы салынбақ. Осының арқасында ағарған өндірісін дамыту, өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамту көзделіп отыр. Тек аймақтағы ішкі нарықты қамтып қана қоймай, өзге облыстарға да сүт өнімдерін шығару жолға қойылмақ. Ауылдарда осының арқасында жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА