Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент сайлауын өткізуді қоғамдық ұйымдар мен коммунистер қолдайды

  • AstanaTV
  • 16 ақпан 2015
  • 1340

«Қазақстанның азаматтық Альянсы» президент сайлауын өткізу идеясын қолдап отыр. Қоғамдық ұйым өкілдері бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг өткізіп, үндеуін жариялады.

Нұрлан Ерімбетов, «Қазақстанның азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті:

2015 жылы сайлау өткізу идеясы - әлемдік қаржылық дағдарысты жеңуге бағытталған шаралармен үндес деп ойлаймыз. Алдағы жылы президенттік және парламенттік сайлаулардың қатар келетінін білесіздер. Президент сайлауын биыл өткізу - қос науқанның арасын алшақтатып, қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондықтан біз мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу идеясын қолдаймыз.

Қазақстанның коммунистік халық партиясы да кезектен тыс президент сайлауын өткізуді жақтап шықты. Олар да бүгін брифингте бас қосып, үндеулерін жариялады. Ал коммунистер атынан президент орынтағына кім таласады деген сұрақты партия өкілдері ашық қалдырды. Тіпті саяси ұйымның бас хатшысы да «мұны уақыт көрсетер» деп қысқа қайырды.

Владислав Косарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Халықтық коммунистер» фракциясының жетекшісі:

Сайлау қалай өтеді, қанша кандидатура болады, бұл біздің партияның ғана емес,  барша Қазақстанның ішкі саясаты үшін ортақ сұрақ. Бұл мәселе жақын апталарда шешіледі деген ойдамын. Сайлаудың өтетіні жарияланған кезде, біз партия съезін жоспарлаймыз. Әзірге бұл сайлауды өткізу туралы үндеу ғана. Нақты шешім әлі жоқ. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ