Русский Сайттың толық нұсқасы

ОҚО-да егін егу жұмыстары биыл 1 айға ерте басталды

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2015
  • 1458

Оңтүстік Қазақстанда көктемгі егіс науқаны басталды. Биыл өңірдің шаруалары дала жұмыстарына бір ай ерте кірісіп отыр. Қарбалас Мақтарал ауданында қыза түскен. Диқандар көкөніс пен бақша дақылдарына ден қойған.

Ауа-райы өте қолайлы болып тұр деген олар ерте пісетін өнімдерді егіп үлгерді. Бірқатары қырыққабат егіп, оны жылылап орап қойған. Алдағы сәуірде сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. «Аймақта биыл 810 мың гектарға ауылшаруашылық дақылдары отырғызылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27 мың гектарға артық»,-дейді ауыл шаруашылығы мамандары.

Шаруалармен кездескен өңір басшысы мемлекет тарапынан отандық тауар өндірушілерге барынша қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталды. Дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармай мәселесі толық шешілген.

Мақтарал ауданына жеңілдетілген бағамен алты мың тонна дизель отыны бөлінді. Мақтаның отаны саналатын бұл ауданда ақ алтынды алқаптың аумағы биыл 9 мың гектарға кеміп отыр.

Қанатбек Оспанбеков, ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Мал азықтарының көлемі, оның ішінде жоңышқа 5 мың гектарға ұлғайып, 15 мың гектарға жететін болады. Жүгерінің көлемі 1 мың гектарға ұлғайып өткен жылмен салыстырғанда ұлғаяды. Одан кейінгі мынау көкөніс көлемі 2,7 мың гектарға ұлғаяды деп егіс көлемін жоспарлап отыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ