Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда жол қозғалысын енді макеттер реттеп отырады

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2015
  • 1014

Қарағандыда жол қозғалысын макеттер реттемек. Жүргізушілердің жол ережесін бұзбауы үшін ерекше тәсіл қолданыла бастады. Жолдардың жиегіне кәдімгі полиция көліктерінің макеттері орналасады.

Одан сескенген жүргізушілер жол ережесін бұзуды азайтқан. Макет аяз бен боранға да төзімді. Ешқайда ұшып кетпеу үшін жерге темірмен бекітілген.Әрі, жылжымалы. Күн сайын, тіпті сағат сайын бір орыннан екінші орынға көшіріп тұруға болады.

Бір қарағанда, оның пластикалық макет екенін аңғару қиын. Макеттің арқасында жол ережесін бұзу 70 пайызға төмендеген. Тек, әзір көлік сұлбалары тым аз болып тұр. Қарағандылық полицейлер әрқайсын 22 мың теңгеден үш макет сатып алған.

Ал, облыс пен қалааралық жолдардың барлығын қамту үшін шамамен 150 жылжымалы макет қажет. Прокурорлардың айтуынша, бұл жаңалық ел аумағында алғаш рет қолға алынып отыр. Бұдан бұрын Алматыда жылжымайтын макеттер орнатылған. Олар бір орында тұра беретіндіктен, онша нәтиже бермепті.

Айдос Райымбеков, Октябрь аудандық прокурорының көмекшісі:

Мұндай макеттер қозғалыс ережелерінің бұзылмауын қамтамасыз етеді. Қарағанды облыстық прокуратурасы Бас прокуратураға оларды қала және облыс жолдарына орнату туралы ұсыныс жасады.

Айжан ҚУАШ