Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстанның сыртқы саяси бағдары өзгермейді

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2015
  • 964

Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыты - халықаралық қарым-қатынасты нығайта түсу. Еліміз алдағы жылдары Еуропалық одақ елдерімен, Орталық Азия, тіпті Африка мемлекеттерімен алыс-беріс процестерін күшейте түспек. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық миссия басшыларымен болған кездесуде мәлімдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

2015 жылы Қазақстан халықаралық байланыстарын әрі қарай дамыту мен кеңейту жұмыстарын жалғастыра түседі. Біздің басым бағыттарымыз өзгеріссіз және мемлекетіміздің сыртқы саясат тұжырымдамасында айқындалған.

Қазақстан Украина дағдарысы бойынша Минскте қабылданған келісімдердің толық орындалғандығын қалайды. Нұрсұлтан Назарбаев, Украина шығысындағы шиеленістің бейбіт жолмен шешілгенін ең алғашқылардың бірі болып көтергендіктен, Қазақстан бауырлас елде тыныштық орнағанын тағатсыздана күтеді,- деп мәлімдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз де, күллі әлемдік қауымдастық тәрізді, қол жеткен келісімге сай оқ ату тоқтатылып, саяси түйткілді мәселелердің шешілгенін қалаймыз. Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуден басқа балама жоқ екендігіне кәміл сенеміз.

Сонымен қатар, Елбасы әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайында қабылданған контрциклдік «Нұрлы жол» бағдарламасының нәтижелі боларына сенім білдірді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, инфрақұрылымды дамыту, Қазақстанның әлемдік-экономикалық процестерге одан әрі ықпалдастығын қамтамасыз ету болып табылады. Сарапшылардың болжамынша, Еуропа мен Азия арасындағы тауар айналымы 2020 жылы 60 пайыздан асады. Соны ескере отырып, біз де іс-шаралар атқарып жатырмыз.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ