Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық саяси партиялар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар президент сайлауын өткізуді қолдайды

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2015
  • 1991

Қазақстандық саяси партиялар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар президент сайлауын өткізуді қолдайды. Бұл туралы бүгін «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысында мәлімденді. Жиынға төрағалық еткен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Ассамблея кеңесiнiң ұсынысы бiрнеше күннің iшiнде үлкен қолдауға ие болып отырғандығын атап өтті. Басқосу соңында сайлау турасындағы Коалиция мүшелерінің Үндеуі жарияланды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған президенттік сайлау өткізу бастамасы сарапшы қауымдастық, қоғамдық саяси ұйымдар, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері тарапынан кеңінен қолдау табуда. Қоғамдық, әлеуметтік маңызы зор мәселені «Қазақстан-2050» демократиялық күштердiң жалпыұлттық коалициясына мүше ұйымдар мен партия жетекшілері де талқыға салды.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Коалиция - бүгінде 6 жетекші саяси партия мен 18 ірі республикалық қоғамдық бірлестіктің, сондай-ақ 500-ден астам өңірлік үкіметтік емес ұйымның басын қосқан әлеуетті ұйым. Сондықтан да ұзын саны алты жарым миллионнан астам адамның мүддесін көздеген Жалпыұлттық коалиция бүгін аса маңызды мәселе - ел Президенті сайлауын 2015 жылы өткізу бастамасын - талқылауға жиналып отыр.

Президенттік сайлау өткізу әлеуметтiк-экономикалық мәселелердi шешуге, әрі «Нұрлы жол» стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыруға оң ықпалын тигізбек. «Бiрлiк» партиясы төрағасының бiрiншi орынбасары Төлеген Қуанышев отырыста осындай пікірін білдірді. «Ассамблеяның сайлау турасындағы бастамасы ел мен халықтың мүддесi тұрғысынан туындап отыр. Бiз саяси алаңда бiрiге отырып, елiмiздiң дамуындағы осы бiр елеулi кезеңдi табыспен еңсере аламыз», - деді ол.

Төлеген Қуанышев, «Бiрлiк» партиясы төрағасының бiрiншi орынбасары:

Бұл сайлауды өткізу идеясы қажеттіліктен туындап отыр. Президенттік сайлау еліміздің қарқынды дамуына, қабылданған ұлттық жоспарларды, «Нұрлы жол» стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыруға оң ықпал ететіні сөзсіз. 

Ал Қазақстан коммунистік халық партиясы хатшысы Жамбыл Ахметбеков, сайлау ең алдымен мемлекеттік тұрақтылық пен ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға септігін тигізетіндігін тілге тиек ете келе, бастаманы ұзақ сонар талқылаудың қажетсіз екендігін, айтты.

Жамбыл Ахметбеков, Қазақстан коммунистік халық партиясының хатшысы:

Сайлау - бұл халықтық механизм, бір жағынан қарасаң, бұл үлкен жауапкершілік. Қазақстанның бүл кезеңнен табыспен өтетініне кәміл сенеміз. Сондай-ақ, елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық жаңғырту мен азаматтардың игілігін арттыру жолындағы бағытымыздың да жалғасатынына сенеміз.

Президенттік сайлау турасындағы Коалиция мүшелерінің ортақ Үндеуін «Қазақстан азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң президентi Нұрлан Ерімбетов оқып берді.

Нұрлан Ерімбетов, «Қазақстан азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң президентi:

Тәуелсіздігіміздің ең қиын жылдарында сайлау - қоғамды топтастырудың құралы, азаматтарды бірлікке, келісімге бастаудың, саяси тұрақтылық пен қалыпты дамуға жұмылдырудың механизмі болып қызмет етті. Біз ел тағдырына бей-жай қарамайтын барша қазақстандықтарды Қазақстан Республикасы Президенті сайлауын 2015 жылы өткізу бастамасын қолдауға шақырамыз.

Басқосу соңында Коалиция мүшелері барша халықты президенттік сайлау өткізу туралы бастаманы қолдауға үндеді. 

Жұрағат БАМАН