Русский Сайттың толық нұсқасы

Дәрігерлер қағазбастылықтан құтқарылады

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2015
  • 1024

Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлерді қағазбастылықтан арылтпақ. Бірақ компьютерге отырғызады. Сәуірден бастап дәрігерлер анықтамаларды, түйіндемелерді қолмен емес, компьютермен толтыруға кіріспек.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Барлық жерде жақсы автоматтандырылған система бар. Егер жергілікті жердегі әкімшіліктер әрбір врачты қажетті компьютермен қамтамасыз ететін болса, біз бірінші сәуірден бастап бүкіл Қазақстанда, ал егер қамтамасыз ете алмайтын болса, кімнің, қайсы врачтың алдында компьютер бар, соның алдында бүгінгі таңда қолмен жазып отырған барлық қағаздары тоқтатылатын болады.

Министр денсаулық сақтау мен әлеуметтік салаға деген 2,4 трлн теңгенің бір тиыны да қысқармайтынын тағы бір қайтара еске салды. Мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі де өзекті. Бүгінде еңбектенуге қабілетті 280 мың кембағал жанның 90 мыңға жуығы кәсіп тапқан. Алайда кей мүгедектерге ұсынылған жұмыстар олардың мүмкіндігіне сай келмеген.

Жұмыссыздардың санын арттырмай, еңбек дауларының алдын алу мәлелесі де қатаң бақылауда. Алқа мәжілісіне қатысқан вице-премьер Бердібек Сапарбаев бір жарым айдың ішінде екі жарым мыңға жуық адамның жұмыстан босағанын айтты. Ал кей өңір басшылары еңбек дауларының алдын алуға асықпай отырған көрінеді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Екінші мәселе - жұмыс конфликттері жөнінде. Министрлікте тиісті карта бар, оған да біз қарап отырмыз. Бірақ мен енді өңірлердің аттарын айтпай-ақ қояйын, өкінішке орай, кей өңірлерде мынадай жағдайлар көбейіп бара жатыр. Шиеленісіп бара жатыр. Ол да осы өңірдегі биліктің осы мәселелермен күнделікті айналыспауы.

Айгүл ӘДЕПБАЙ