Русский Сайттың толық нұсқасы

«Астана» баскетбол командасы жеңілістен көз ашар емес

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2015
  • 1146

«Астана» баскетбол командасы жеңілістен көз ашар емес. Біртұтас лиганың кезекті турында Мәскеудің «ЦСКА» клубын қабылдаған Рамунас Бутастастың шәкірттері 78-60 есебімен ұтылды. Тақырыпты Самат Қанағатов тарқатады.

«Астана» баскетбол командасы қатарынан жетінші ойында ұтылды. Команданың сәтсіз ойыны бас бапкер Александр Трифуновичтің қызметінен кетуіне себеп болды. Оның орнына келген Рамунас Бутаутаста әзірге жетістікке қол жеткізе алмай отыр. Оның үстіне бұл жолғы қарсылас - тек Ресейдің емес, Еуропаның азулы ұжымдарының бірі. Сондықтан болар «ЦСКА» баскетболшылары кездесу басынан айқын басымдық танытып, өз мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Алғашқы үлкен үзіліске командалар 46-39 есебімен кетті. Демалыстан тынығып шыққан «Астана» командасы ойынға өзгеріс енгеді деген жанкүйерлер үміті ақталған жоқ. Қорғаныста жиі қателесіп, шабуылда тура соққылармен ерекшелене алмаған қазақстандық ұжым 18 ұпай айырмашылығымен есе жіберді.

Рамунас Бутаутас, «Астана» баскетбол клубының бас бапкері:

«ЦСКА» командасының ойын деңгейі бізбен салыстырғанда жоғары. Оны мойындауымыз керек. Кездесу басында ойыншыларға, бізге Еуропаның үздік командасының келгенін, айттым. Біздің өз жоспарымыз болды. Қолдан келгенше, аянып қалмадық. Бірақ «ЦСКА» клубы өз мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

Келесі кездесуін «Астана» командасы Эстонияның «Калев» клубына қарсы өткізеді.



Бүгін футболдан чемпиондар лигасының ойындары қайта жанданады. 1/8 финалдың алғашқы кездесуінде Донецк қаласының «Шахтер» командасы Германия чемпионы «Бавария» клубын қабылдайды. Аталған жекпе-жек Львов қаласының орталық стадионында өтеді. Басты фаворит, әрине, «Бавария» командасы. Дегенмен, команда сапында бірқатар бразилиялық ойыншылары бар «Шахтер» бұған дейін талай мықтының алдын орап кеткен. Сондықтан жеңімпаз ойын барысында анықталатын сөзсіз. Келесі ойында Францияның «Пари Сен Жермен» командасы Лондонның «Челси» клубын қабылдайды.     

Самат ҚАНАҒАТОВ