Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарлық шебер ұшақ құрастырады және 20 оқушыны осы іске баулып жүр

  • AstanaTV
  • 19 ақпан 2015
  • 1065

Қызылжарлық шебер Вячеслав Ширшиков бос уақытында ұшақ үлгілерін құрастырумен айналысады. Ол осы уақытқа дейін радиоқұрылғымен басқарылатын 30 әуе кемесінің көшірмесін жасаған. Шеберханасынан Екінші дүниежүзілік соғыс ұшақтарынан бастап, бүгінде Құрама штаттарда шығарылатын әйгілі «Стэлс-ке» дейін бар.

Теріскейдегі шебердің өнеріне тілшіміз Абзал Құрманкин тәнті болды. 
Әуе кемелерін жасауға Вячеслав Ширшиков бала кезінен ден қойған. Шебер бұл істі әкесінен үйренгенін айтады. Бастапқыда қарапайым дельтапландарды жасаса, қазір радиоқұрылғылармен басқарылатын күрделі ұшақтардың құрылысына көшкен.

Қазір коллекциямда 30-дан астам ұшақ бар. Кейбіреулері сынақта жерге құлап, сынып қалады. Әзірге ешқандай жарысқа қатысып көрген жоқпын. Бәрін өзім үшін істеймін. Әуесқой шебер ұшақтардың сыртқы қаңқасын өзі жасайды.

Негізгі материал ретінде ағаш пен пенопластты қолданады. Ал механикалық бөлшектерді қытайдан алдыртады. Ұшақтың бір көшірмесін қалауға шамамен 1 айдай уақыт кететінін айтты. Қазір шебер өз ұшақтарының коллекциясын құрған. Бірақ, сатудан бас тартады.

Вячеслав Ширшиков сұм соғыс заманында пайдаланылған ұшақтарды да құрастырады. Мәселен, мынау - «ЯК» әуе кемесінің үлгісі. Өзі ойыншық болғанымен, шынайы ұшақтан аумайды. Бұның жеке қозғалтқышы мен жанармай багы бар.

Ішіне сұйық отынның 200 грамын құйсаң, ауада 20 минуттай қалқып жүруге мүмкіндік туады. Тіпті сағатына 80 шақырым жылдамдықпен ұшуға қауқарлы.

Қазір шебер балаларды да ұшақ құрастыруға баулып жүр. Жергілікті жасөспірімдер клубында 20 оқушы аэрокемелердің өндірісіне ынта қойған. Алдағы уақытта балалар республикалық жарыстарға қатысуды жоспарлап отыр.

Наиль Сагитов, Жасөспірімдер клубының жетекшісі:

Балалар ұшақты басқаруды алдымен арнайы симуляторда үйренеді. Кейін далаға шығып, ұшақ үлгілерін сынақтан өткіземіз. Бұл іс балалардың қолдарынан келеді. Бүгінде 50-ге жуық дайын ұшағымыз бар. Ендігіден бастап ұшақ үлгілерін халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп жасағалы жатырмыз.

Қарапайым жүргізуші мұнымен тоқтамақ емес. Болашақта шынайы екі орындықты ұшақтарды құрастыруды көздеп отыр.

Абзал ҚҰРМАНКИН