Русский Сайттың толық нұсқасы

Сенат депутаттары Президенттен сайлау күнін айқындауды сұрады

  • AstanaTV
  • 19 ақпан 2015
  • 1297

Мәжілістен кейін Парламент Сенатының депутаттары да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы мәселені қарауды сұрап, үндеу жолдады. Сенаттың бүгінгі жалпы отырысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысы қаралды.

Жоғарғы палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің бірлігі мен ынтымағын арттырып, ішкі саяси тұрақтылықты сақтауда кезектен тыс сайлаудың орны ерекше екеніне тоқталды. Бұл бастаманың дер кезінде көтерілгенін, сайлау өткізу әлемде орын алған шиеленістер мен жаһандық экономикадағы тұрақсыздық жағдайында еліміз үшін аса маңызды қадам екенін атап өтті.

Отырыс барысында сенаторлар Президенттің атына Үндеу жолдады. Депутаттар Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысын қарап, сайлауды тағайындау туралы мәселені қарастыруды Елбасынан сұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

Уақыттың өзі талап етіп отырған бастама барша халықтың қызу қолдауына ие болды, қазақстандық қоғамда оң пікірлер қалыптастырды. Халықаралық шиеленістің артып отырған жағдайында жаһандық экономикада дағдарыс құбылыстары күшейе түскен уақытта ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасын қолдау туралы Қазақстан президентіне үндеу жолдауды ұсынамын.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА