Русский Сайттың толық нұсқасы

«Халық сүйіктісі» жүлдесінің иегерлері белгілі болды

  • AstanaTV
  • 01 ақпан 2016
  • 10263

«Халық сүйіктісі» ұлттық жүлдесі иегерлері белгілі болды. Жыл бойы бұқара назарында болып, көпшілік көңілінен шыққандар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Дауыс беру әлеуметтік желілерде 25 қараша мен 15 желтоқсан аралығында өткен. Жүлденің басты ерекшелігі - кіл жүйріктерді әлеумет өзі ұсынып, өзі таңдайды. Сонымен, жыл  «сүйіктілері» атағына кімдер лайық болды? Тілші тарқатады.

Жүлде иегерлері - халқы сүйген, халқын сүйген азаматтар. Бұлар бұқараның қатаң іріктеуінен өтті. Жалпы, биыл 160 номинант жүлдеден дәмелі еді. 100 мыңға жуық әлеуметтік желі пайдаланушылары өз фавориттерін қолдап, суретіне "ұнайды" деген батырманы басқан. Осылайша, «Лайк» пішіндес қола марапаттар ең көп дауыс жинағандарға үлестірілді.

Ғалым Байтоқ, жоба авторы әрі ұйымдастырушысы, «Республика-Өңір-Даму» қорының президенті:

Бұл ең ашық премия. Дауыс беру әлеуметтік желілерде өтеді. Және ең маңыздысы - дауыс берушілер үміткерлерді өздері ұсынып, өздері анықтайды. Әділ қазылар тек  есімдерін жария етеді.

Дауыс беру Facebook желісі мен байқаудың ресми сайтында екі кезеңмен өтті. Аталымдар саны - 25. Марапаттау рәсімі "Жыл парламентариі" номинациясынан бастау алды. Бұқараның қалауымен 2015 жылдың үздік парламентшісі атағына Айқын Қоңыров лайық деп танылды. Геннадий Головкин жыл спортшысы атанды. Алайда жүлдесін алуға  өзі емес, шаршы алаңдағы әріптесі Серік Сәпиев  келді. «Жылдың қоғам қайраткері» номинациясы Аружан Саинға бұйырды. «Жыл дəрігері» аталымы Серік Ақшолақовта.

Серік Ақшолақов  «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Халықтың сүйіктісі деген ат - бұл өте ең жоғарғы ат, деп есептеймін. Себебі бұл үшін біз істеген еңбегімізді халықтар өздерінің дауыстарын берді. Бұл, ойлаймын, ең жоғарғы алған марапаттардың ішіндегі қымбаттысы деп.

«Эстрада əртісі» номинациясында Димаш Құдайберген суырылып алға шықса, «Кино беделі» аталымы белгілі  әртіс, шоумен, режиссер, продюсер және сценарист Нұртас Адамбайға табысталды.

Сондай-ақ «Халық сүйіктісі» жүлдесі барысында арнайы Құрмет сыйлықтары мен Құрмет грамоталары да өз иелерін тапты. Мәселен, «Даму және Табыс» аталымына Ырза Тұрсынзада лайық деп танылды.

Ырза Тұрсынзада, «Құрмет» орденінің кавалері, «Алтын сапа - 2015» президент сыйлығының лауреаты:

Менің байқағаным, интернет желісінде қазіргі халық белсенді. Оның сапалық, сандық жағы да өте жоғары қазір. Халықтың интернеттегі дауысының біраз қоғамда болып жатқан мәселелерге әжептәуір өзінің үлесін қосатын дауыс бар қазір.

«Халық сүйіктісі» жүлдесі биыл бесінші рет өтіп отыр. Уақыт санап марапаттың да өзектілігі артуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жүлде барысын әлі де жетілдіруге болады. Ол үшін түрлі ұсыныстар қаралып жатыр.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА