Конституция бойынша мерзімінен бұрын президенттік сайлау тағайындауға еш
кедергі жоқ. Бұл туралы Конституциялық Кеңес ресми мәлімдеме таратты.
Ведомствоның баспасөз қызметінің ақпарына сай, Парламент Сенаты төрағасының
үндеуі негізінде арнайы нормативтік қаулы қабылданды.
Еске салайық, Қасымжомарт
Тоқаев Конституциялық кеңестің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы
Ата заңдағы бапқа ресми түсініктеме беруін сұраған.
Игорь Рогов, ҚР Конституциялық Кеңесі төрағасы:
Қазақстан Республикасының Конституциясында президенттің кезектен тыс сайлау
тағайындауына байланысты ешқандай шарт немесе тосқауыл жоқ. Ата заңның 41 бабы,
үшінші тармағында тек президенттік сайлау мерзімі мен Парламенттің жаңа құрамын
сайлау уақыттары сәйкес келмеуі тиіс екені айтылған.
Президент сайлауы 2015 жылы өткізілетін болып шешілсе, ол еліміздегі
бесінші электоралды сайлау болып саналмақ. Қазақстанда алғашқы бүкілхалықтық
сайлау 1991 жылдың 1 желтоқсанында өтті. Одан кейін 1999 жылы 10 қаңтарда
кезектен тыс сайлау ұйымдастырылды. 2005 жылғы сайлау 4 желтоқсанда өтсе, 2011
жылы 3 сәуірде кезектен тыс төртінші президент сайлауы өткізілді.
Айта кетейік,
келесі президенттік сайлау парламенттік сайлау секілді алдағы 2016 жылы
өткізілуі тиіс болатын. Президент сайлауын биыл өткізу туралы ұсынысты 14
ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің өкілдері жасады. Ассамблея
мүшелерінің сөзінше, кезектен тыс сайлау өткізу - әлемдік қаржылық дағдарыс
кезінде мемлекет пен қоғамның экономикалық қиындықтарды бірлесе шешуіне
ықпалын тигізбек.
Жұрағат БАМАН