Русский Сайттың толық нұсқасы

Австрияның әділет министрлігі Рахат Әлиевтің суицидке барғандығы туралы фактіні ресми түрде растады - СІМ

  • AstanaTV
  • 24 ақпан 2015
  • 1002

Рахат Әлиев Вена абақтысында өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмды. Австрия Әділет министрлігі арқылы бұл хабарды нақтылаған Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Әлиевтың қайтыс болғанын растап отыр. Мәлімдеме құзырлы мекеменің ресми сайтында жарияланды.

«Австрияның әділет министрлігі Қазақстан азаматы Рахат Әлиевтің өткен түнде Йозефштадт түрмесінде жалғыз кісілік камерада суицидке барғандығы туралы фактіні ресми түрде ауызша растады. Австрия билігі бұл оқиғаны тергейді деп білеміз. Біздің дипломатиялық өкілдік барлық жағдайды анықтау үшін, Австрияның ресми билігімен байланыста болады».

Еске салайық, Рахат Әлиев Вена абақтысында 2014 жылдың маусым айынан бері қамауда отыр. Былтыр желтоқсанда оған «Нұр банктің» топ менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті ұрлап, өлтіруге қатысты деген айып тағылды. Ал Қазақстанда Әлиевке 2007 жылы айып тағылып, сырттай 20 жылға сотталғаны мәлім. Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіргені үшін сотталған Рустам Ибрагимов, 2012 жылы саясаткерді өлтіруге тапсырыс берген Рахат Әлиев екенін, мойындады. Бірақ ол кезде қашқын экс-шендіге айып тағылмаған-ды. Өйткені Бас прокуратура бұл іс бойынша тергеуді әлі аяқтамаған еді.

Сондай-ақ былтыр наурызда Австрия соты Әлиевтің бар мүлкін тәркіледі. Бұл жолы ол Мальта мен Германиядағы қаржылық қитұрқылық үшін айыпталды. Австриялық «Курьер» басылымы Әлиевтің камерада киім ілгішке асылған күйінде табылғанын жазды. 

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ